Ер азаматтар «әйелдер мамандығында»: қарағандылық шеберлер стереотипті қалай бұзды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Осыдан бірнеше жыл бұрын тігін машинасының басындағы ер адамды немесе маникюр кабинетінде жұмыс істейтін жігітті көпшілік тосын құбылыс ретінде қабылдайтын. Ал бүгінде Қарағанды тұрғындары сән мен сұлулық саласында ер азаматтарға жиі сенім арта бастады. Шеберлердің өзі мамандықтың жынысы болмайтынын айтады. Өйткені адамды анықтайтын – оның жынысы емес, кәсібилігі мен өз ісіне деген ықыласы.
Кейіпкерлеріміздің бірі – денсаулығына байланысты өмірін түбегейлі өзгертіп, металлургиядан маникюр саласына келген маман. Ал екіншісі – биге қызығушылықтан басталған жолы тігіншілікке ұласқан шебер.
Қоғамда әлі күнге дейін «ерлердің» және «әйелдердің» мамандығы деген түсінік сақталған. Алайда кейіпкерлердің айтуынша, ең маңыздысы – қалыптасқан стереотиптер емес, адамның өз ісіне деген жауапкершілігі мен сүйіспеншілігі.
Тігінші Роман бұл кәсіпке ден қойғалы өзін тапқанын айтады. Оның киім тігуге деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Алғаш 15 жасында қарындасына Жаңа жылға арнап көйлек тігіп берген.
Соған қарамастан мектеп бітірген соң мүлде басқа бағытты таңдаған. Ол Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің тау-кен факультетіне оқуға түскен. Алайда оқуын аяқтауға жақындағанда өзін бұл салада елестете алмайтынын түсінген.
Кейін Роман түнгі клубта жұмыс істеп, би қойылымдарына қатысқан. Сол кезде өзі мен әріптестеріне арналған сахналық костюмдерді тіге бастаған. Сонымен қатар интернеттегі бейнесабақтар арқылы тігін ісін өз бетінше меңгеріп, тәжірибе жинақтаған.
Оның өміріндегі үлкен бетбұрыс 2020 жылғы карантин кезеңінде болды. Сол уақытта ол ательеге жұмысқа орналасып, медициналық маска тігумен айналысқан.
– Сол жерде қалып жұмыс істедім, тәжірибе жинадым, кейін киім пішуші болдым. Ал 2023 жылдан бастап өзімнің тігін шеберханамды аштым, - дейді ол.
Романның айтуынша, қоғам тарапынан теріс пікірді сирек естіген. Керісінше, көпшілік ер тігіншіні көргенде таңырқап, тіпті көбірек сенім білдіреді.
– Бұрын мұндай кәсіп ер адамға лайық емес деген түсінік болған шығар. Сондықтан мен де кезінде арнайы білім алуды ойламадым. Бірақ қазір адамдар ең алдымен жұмыстың сапасына қарайды, - дейді шебер.
Оның пікірінше, бұл мамандықтағы ең қиын нәрсе – шығармашылық емес, уақытпен жарысу. Себебі тігін саласында күтпеген жағдайлар жиі болады. Кейде тапсырысты уақытында өткізу үшін түнге дейін жұмыс істеуге тура келеді.
Екінші кейіпкеріміз – бұрын зауытта металлург болып еңбек еткен Жан Медетбеков. Денсаулығына байланысты дәрігерлер оған тек жұмысын емес, тұрғылықты жерін де ауыстыруға кеңес берген.
Көшіп келгеннен кейін оның өмірі түбегейлі өзгерген. Жаңа мамандықты меңгеруге жұбайы көмектескен. Маникюрмен алғаш айналыса бастаған да – оның жары. Ал Жан бастапқыда тек көмектесіп жүрген. Кейін бұл істің қолынан жақсы келетінін байқаған.
– Жұбайым қалай дұрыс жұмыс істеу керегін көрсетті. Менің ұқыпты істейтінімді айтты. Өзіме бұл қиын нәрсе болып көрінген жоқ, - деп еске алады ол.
Жан алғашқы кезде жаңа мамандығын тіпті туыстарынан жасырғанын айтады. Жақындарының реакциясынан және айналасындағылардың сынынан қорыққан.
– Кейбір туыстарым сөйлеспей кетті, жағымсыз сөздер айтты. Біздің қоғам мұндай саладағы ер адамдарды әлі толық қабылдай бермейді, - дейді шебер.
Оның сөзінше, бастапқыда өзіне де сұлулық индустриясында жұмыс істеу ыңғайсыз әрі ұят көрінген. Бірақ уақыт өте келе көзқарасы өзгерген.
– Табыс тауып, отбасымды қамтамасыз ете бастағанда түсіндім: өзгелердің пікірі – тек олардың көзқарасы ғана. Қазір адамдар да мамандығыма бұрынғыдай таңырқай қарамайды, - дейді Жан.
Ол ер адамдардың бұл салада өзіндік артықшылықтары бар деп есептейді. Атап айтқанда, сабырлылық, ұқыптылық, күйзеліске төзімділік және жылдам жұмыс істеу қабілеті.
Екі кейіпкер де мамандықтарды «ерлердікі» және «әйелдердікі» деп бөлу біртіндеп өткеннің еншісінде қалып бара жатқанына сенімді. Бүгінде адамдар қоғамдық түсінікке емес, өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай мамандық таңдауға көбірек мән береді.
– Адам ең алдымен өзіне адал болуы керек. Өйткені бұл өмірді сен өзің сүресің. Тек «солай дұрыс» деп, жек көретін жұмысыңа күн сайын барудың мәні жоқ, - дейді Роман.
Ал Жан ер азаматтарға бұл мамандыққа саналы түрде келуге кеңес береді. Оның айтуынша, бұл – ең алдымен кәсіп, өзгелердің назарын аударудың тәсілі емес.
Қарағандылықтардың бұл оқиғасы нағыз шеберді жынысы емес, өз ісіне деген көзқарасы айқындайтынын көрсетеді. Ал қоғамдағы стереотиптер азайған сайын, өз орнын тапқан адамдардың саны да арта түсуде.
Бұған дейін Kazinform агенттігі Қазақстанда бала күтіміне байланысты демалыс ресми түрде тек аналарға ғана емес, әкелерге де берілетіні туралы материал жариялаған болатын.