Эр-Рияд әуежайына тағы шабуыл жасалды: ондаған адам жарақат алды
АСТАНА. KAZINFORM – Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы халықаралық әуежайға 10 қазан, сенбі күні тағы да шабуыл жасалғаны хабарланды. Оқиғадан кейін әуежай жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Euronews.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылға Йемендегі хуситтер қозғалысының қатысы болуы мүмкін.
Euronews басылымының Сауд Арабиясы астанасындағы ауруханалардың біріндегі дереккөзі шабуыл салдарынан ондаған адамның жарақат алғанын хабарлады.
– Ондаған адам жарақат алды. Олардың басым бөлігі Сауд Арабиясының азаматтары. Кемінде бес адам жансақтау бөлімінде жатыр, – деді басылымның дереккөзі.
Бұл оқиға хуситтер жауапкершілікті өз мойнына алған Эр-Рияд әуежайына жасалған алдыңғы шабуылдардан екі күн өткен соң тіркелді. Сол кезде үш адам қаза тапқан болатын.
Сауд Арабиясының билігі әзірге жаңа шабуыл болғанын ресми түрде растаған жоқ. Алайда бірнеше куәгер сенбі күні Король Халид атындағы халықаралық әуежайдан адамдардың эвакуацияланғанын хабарлады.
Әуежай әкімшілігі жолаушыларға рейстерінің мәртебесін алдын ала тексеруге кеңес берген.
Куәгерлердің бірі ұшаққа отыруды күтіп тұрған кезде жарылыс дауысын естігенін айтса, екіншісі жарылысты өз көзімен көргенін және адамдардың жарақат алғанын жеткізді.
– Мен ішкі рейстер терминалындағы 403-шығу қақпасының жанында тұрдым. 401-шығу қақпасына соққы жасалғанын өз көзіммен көрдім. Дәл алдымда жараланған адамдар жатты. Барлығы жан-жаққа қаша бастады, – деді куәгерлердің бірі.
Оқиғадан кейін АҚШ, Канада, Германия және Испанияның Сауд Арабиясындағы елшіліктері өз азаматтарына уақытша әуежайға бармауға кеңес берді.
Flightradar24 әуе рейстерін бақылау сервисінің мәліметінше, Эр-Риядқа бағыт алған барлық рейс басқа әуежайларға жіберілген немесе тоқтатылған.
Сонымен қатар Kuwait Airways әуе компаниясы қауіпсіздік жағдайына байланысты Сауд Арабиясы астанасына қатынайтын екі рейсін тоқтатқанын мәлімдеді.
– Kuwait Airways 2026 жылғы 10 қазан, сенбі күні Кувейттен Эр-Риядқа ұшатын KU775 және Эр-Риядтан Кувейтке бағытталған KU776 рейстерінің тоқтатылғанын хабарлайды. Бұған қауіпсіздік жағдайына байланысты әуежайдың жабылуы себеп болды, – делінген компанияның ресми мәлімдемесінде.
Бұған дейін бейсенбі күнгі шабуылдан кейін Air India, FlyDubai, Lufthansa Group және Pakistan International Airlines сияқты бірқатар әуе компаниясы Сауд Арабиясының әуежайларына ұшуды уақытша тоқтатқан.
Хуситтер халықаралық әуе компанияларына Сауд Арабиясының әуе кеңістігінде рейстерді жалғастырған жағдайда ықтимал салдар болатынын ескерткен.
Басылым мәліметінше, Йемендегі көтерілісшілер мен Эр-Рияд қолдайтын үкімет күштері арасындағы қақтығыстардың шиеленісуі аясында Сауд Арабиясының әуежайлары, мұнай нысандары мен танкерлері хуситтердің шабуылына жиі ұшырап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін 8 қазанда Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған екі шабуыл салдарынан Сауд Арабиясының үш азаматы қаза тауып, бірнеше адам жарақат алған болатын.