ЭРА-ГЛОНАСС орнатылғаннан кейін Қазақстанда көлік бағасы қаншалықты қымбаттайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа автомобильге спутниктік мониторингілеу жүйесін орнату оның құнына айтарлықтай әсер етпейді.
Бұл жайында ҚазАқпарат Қазақстандық автобизнес қауымдастығына сілтеме жасап хабарлайды.
«2015 жылдың қаңтарында күшіне енген ТС 018/2011 техникалық регламенті 2017 жылдан бастап барлық көлік құралдарына спутниктік мониторингілеу жүйесін орнатуды міндеттейді. Жаңа автомобильге спутниктік мониторингілеу жүйесін орнатумен машина жасаушылар, оның ішінде Қазақстанда да өздері айналысатын болады. Оның автомобиль құнына айтарлықтай ықпалы бола қоймайды. Қымбаттау шамамен 100 мың теңгені құрайды», - делінген ақпаратта.
Айта кетерлігі, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев адам өмірінің әрбір минуты қымбат сәтте шұғыл әрекет етудің бірыңғай жүйесі қажет деп санайды.
«Әрбір минут есептеулі сәтте біреулерді құрылғы құны алаңдата қояды деп ойламаймын. Уақыт өте келе жол-көлік апаты бойынша статистика жақсы жағына қарай өзгереді. Жолдарда жолаушылардың өмірін сақтауға барлығы да мүдделі», - дейді ол.
ЭРА-ГЛОНАСС - бұл жол-көлік апаты орын алғанда жедел ақпарат беретін автоматтандырылған жүйе. Апат кезінде қауіпсіздік жастықшасы астына орнатылған арнайы құрылғы іске қосылып, шұғыл қызметтерді шақырады. Бұл ретте ол автомобильдің тұрған жерін, қозғалыс жылдамдығы мен бағытын да бірден хабарлайды.
Желтоқсан айының соңында жаңа жүйенің іс жүзіндегі жұмысы Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығында таныстырылды. Оны бағалауға Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау, «ҚазИнст» РМК бас директоры Хайрат Кәрібжанов, сондай-ақ ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, ҚР ІІМ ТЖ комитетінің, республикалық Санитарлық авиация және басқа да ведомство өкілдері келді.
Көрсетілім үшін үш автокөлік пайдаланылды: бірі Астана қаласында, екіншісі Алматы қаласында және үшіншісі Астана-Алматы тас жолында орналасты. Олардың барлығына Қазақстанда және Ресейде жасап шығарылған шұғыл қызметтерді шақыру құрылғылары орнатылды.