Ералы Тоғжанов әр айда қанша адамға вакцина салынатынын айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың соңына дейін 4 миллионға жуық қзақастандық коронавирусқа қарсы вакцинация алады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ералы Тоғжанов әр айда қанша адамға вакцина салынатынын айтты

«1 ақпанға дейін медицина ұйымдарының вакцинация кезеңіне дайындығын қатаң бақылауға алуды сұраймыз. Оның ішінде вакцинацияны болжау деңгейі 1-жартыжылдықта 2 млн-ға дейін адамды жоспарлаймыз. Екінші жартыжылдықта 3-тен 4 млн адамға дейін жоспарға енгізіп отырмыз. Оның ішінде ақпан айында - 100 мың, наурызда - 150 мың, сәуірде - 600 мың, мамырда - 600 мың, тамызда - 600 мың адам. Сонымен қатар жылдың соңына, тамыздан желтоқсанға дейін 600 мың адам вакцинация алатындығы күтіледі», - деді ол.

Үкімет басшысының орынбасары бұл деректер жұмыс барысында нақтылана түсетіндігін ескертіп өтті.

«Сондықтан мұны бірге қарастырамыз. Жалпы, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерінен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі өңірлік штаб жұмысын күшейту сұралады. Оның ішінде «қызыл» аймақтағы өңірлерде эпидемиологиялық жағдай штаб отырыстарында күн сайын қаралуы тиіс», - деді Ералы Тоғжанов.