Ералы Тоғжанов Елбасының қатысуымен өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХІ сессиясының тақырыптарын атады
«Ассамблея сессияға үлкен дайындықпен келе жатыр. «Қазақстан-2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты сессия тақырыбы өте өзекті болып табылады. Бейбітшілік мәдениетіне Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Мемлекет басшысы айрықша назар аударды. Бұл тақырып Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан да ҚХА-ның ХХІ сессиясына осы мәселені арқау етпек», - деді Е.Тоғжанов. Сонымен қатар ол сессия отырысында алдағы жылы аталып өтетін Ассамблеяның жиырма жылдығына дайындық шаралары талқыланатынын атап өтті. Осы атаулы датаға орай Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасы бойынша шаралардың бірыңғай жоспары әзірленбек. Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада 18 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті жиырма бірінші сессиясы өтеді. Бұл туралы тиісті Өкімге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. Сессияның күн тәртібіне «Қазақстан-2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбы ұсынылды.