Ералы Тоғжанов көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарды қолдау орталығында болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжанов «Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ мен Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Балалар қорының ынтымақтастығы аясында құрылған «Бақытты отбасы» білім беру ақпараттық-консультативтік орталығында жұмыс сапарымен болды.

Ералы Тоғжанов көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарды қолдау орталығында болды

Орталықта 10 мамандық бойынша білім алуға болады, сондай-ақ психолог, заңгер, дәрігер-терапевт және педиатрдың консультациялық қызметтері, арнайы дағдыларды үйрету бойынша түрлі курстар, жеке өсу мен ынталандыру тренингтері, тайм менеджмент туралы білім беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарт COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия Telegram каналына сілтеме жасап.

Оқытудың негізгі мақсаты-тұлғаның адамгершілік-рухани дамуы, конструктивті қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, отбасылық қарым-қатынастарды құру, кәсіби дағдыларды дамыту.

Кездесу барысында орталықтың қызметімен танысып, көпбалалы аналарды, жалғыз басты, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау және оларды белгілі бір мамандықтарға оқыту, олардың жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстың негізгі әдістері талқыланды.

Бүгінгі таңда орталықта 1400-ден астам әйел тіркелген. Премьер-Министрдің орынбасары орталық тыңдаушыларымен кездесулер өткізді, олардың осы бағыттың қызметін дамыту жөніндегі ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша осы бағытқа жауапты мемлекеттік органдарға Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бақытты отбасы» білім беру ақпараттық-консультативтік орталығын одан әрі дамыту жөнінде тапсырмалар берілді.