Ералы Тоғжанов маңғыстаулықтарды қайырымдылық жасауға шақырды

Осы арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары аз қамтылған отбасыларға, мүгедек балалары бар жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және ҰОС ардагерлеріне көмек көрсету көзделіп отыр.
Өңір басшысы Ералы Тоғжанов қала мен аудан әкімдері, басқарма басшылары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен аймақтағы ірі компания өкілдері және кәсіпкерлерге осы акцияға атсалысуға шақырды. Сонымен бірге Маңғыстау тұрғындарына да Жаңа жыл алдында жаппай көмек көрсетіп, ізгілікті іс жасау туралы ұсыныс тасталды.
«Асар - бұл ертеден келе жатқан дәстүрдің бірі. Қол күшін керек ететін, көпшіліктің қатысуымен орындалатын жұмыс. Қазақ ауылында бір отбасының қолынан келмейтін күрделі, көлемді жұмыстарды атқару үшін бірнеше ауылдың адамдары асарға шақырылған. Асарға шақырылғандар еңбегі үшін төлемақы талап етпейді. «Асар» халқымыздың бірлігін, көмек қолын беруге, жақын дос адамдарға қамқорлық жасайтынын көрсетеді. Сондықтан барлық маңғыстаулықтарды қайырымдылық акциясына қатысуға атсалысып, көмек көрсетуге шақырамын», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Акиця кезінде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және басқа да қажеттіліктерді алып беру көзделіп отыр.