Ералы Тоғжанов облыс әкімдеріне туризм инфрақұрылымдарын дамытуды тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов туризм инфрақұрылымдарын дамытуы тиіс өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өз кезегінде мемлекеттік қолдау шаралары жалпы туризмнің жаңа және реконструкцияланатын объектілері үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды салуға да, реконструкциялау бағытындағы жұмыстарды қарқынды арттыруға да тікелей әсер еткенін жақсы білесіздер. Бірақ оларға енді нақты талап пен екіжақты жауапкершілік керек деп ойлаймыз. Аймақтарда да туризмді дамыту үшін нақты тапсырмалар беріліп отыр. Бұл бағытта барлық облыстар еңбек етті», - деді Е. Тоғжанов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм саласы бойынша алқа мәжілісінде.
Дегенмен спикер бірнеше облыста осы бағыттағы жұмысты күшейту керектігін атап өтті.
«Атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында туризмді дамытуға қажетті ілеспе инфрақұрылымдардың қажеттілігін қамтамасыз ету міндеті қойылады. Соны ескере отырып, барлық әкімдіктерге, әсіресе аталған облыс әкімдеріне басым туристік аумақтардағы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шараларды қабылдауды тапсырамын», - деді Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстандағы туризм саласына 564 млрд теңге инвестиция түскен.