Ералы Тоғжанов жағдайы төмен отбасындағы балаларға велосипед сыйлады
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін, 1 сәуірде Ақтау қаласында Ералы Тоғжановтың қатысуымен велошеру өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында және Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды.
Велоспорт маусымының ашылуына Ақтау қаласының 300-ге жуық тұрғыны қатысты. 35- інші шағынауданнан басталған велошеру 15-інші шағынаудандағы теңіз жағалауында аяқталды.
«Наурыз айы Елбасының жарлығымен бекітілген Алғыс айту күнінен бастау алады. Облыс тұрғындары үшін бұл мереке бір айға созылды. Желтоқсан айында басталған «Асар-Жомарт жүрек» қайырымдылық марафоны осы көктемде жалғасын тапты. Соның аясында Маңғыстау облысындағы 6 300 әлеуметтік аз қамтылған отбасыға 55 млн теңгеден астам қаржыға көмек көрсетілді. Бүгін «Асар-Жомарт жүрек» акциясын қорытындылап, біз барша маңғыстау облыслықтардың дәстүрлі және сүйікті спортына айналған веложарыс өткізуді бастаймыз. Өздеріңіз білетіндей, дені саудың - жаны сау! Елбасымыз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында «Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару қажет» деген болатын. Сондықтан бүгін мен салауатты өмір салтын насихаттау айының басталуын жариялаймын, оның барысында облыс бойынша спорт түрлерінен жарыстар, турнирлер мен чемпионаттар өткізіледі», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, «Асар» қайырымдылық акцияның аясында аймақ басшысы әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балаларға велосипед сыйға тартты.