Ералы Тоғжанов Жаңаөзен халқын Амал мерекесімен құттықтады
ЖАҢАӨЗЕН. ҚазАқпарат - Бүгін Амал мерекесі күні Жаңаөзен қаласына Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс басшысы алдымен көпбалалы аналар Зылиха Шілдибаева, Нәсима Торбай, Сәуле Тағалбаева және Мария Амиданова атты аналардың үйлеріне арнайы барып, оларды мерекемен құттықтап, сый-сыяпат жасады.
«Алтын алқа» мемлекеттік наградасының иегері Сәуле Тағалбаева, «Күміс алқа» иегері Нәсима Торбай Мемлекет басшысына көпбалалы аналарды қорғау мақсатында қолға алынған жатқан игі істерге ризашылығын білдірді.
Одан кейін облыс басшысы «Мұнайшы» мәдениет үйінің алдына келіп, қала, ауыл тұрғындарын береке мен бірліктің мейрамы болып есептелетін Амал мерекесімен құттықтады.
«Мұнайшы» мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы тұрғындарға «Амал келді - Жыл келді» атты мерекелік концерттік бағдарламаны ұсынды.
Қаладағы еңбек ұжымдары арнайы 20 ақ киіз үй тігіп, тұрғындарға қазақ халқының ұлттық дәстүрлі тағамдарын ұсынды. Жастар жағы қазақ күресі, дойбы спорттық жарыстарына белсенділік танытып қатысуда, ал, қыздар бен жігіттер ән шырқап, алтыбақан тепті.
Жалпы, мерекелік шараға жиналған қала тұрғындарының көңіл-күйі көтеріңкі. «Бұл ауызбіршіліктің үлгісі деп білеміз», дейді жаңаөзендіктер.