Ерасыл Әубәкіровтің ісі: Күдікті Нұрбек Әжімбайдың қорғаушысы тергеуге қатысты пікірін білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ерасыл Әубәкіровтің ісіне күдікті ретінде тартылған Нұрбек Әжімбайдың қорғаушысы Ерлан Ғазімжановтың ойынша, тергеу әділетсіз және біржақты өткен. Бұл туралы ол бүгін тілшілерге берген сұxбатында мәлімдеді.
"Біз тергеуді әділетсіз әрі біржақты өткізілді деп санаймыз. Ары қарай күресеміз", - деді Е. Ғазімжанов БАҚ өкілдеріне берген жауабында.
Сонымен қатар ол интернетте Ерасыл Әубәкіровті әлдебіреудің қинап жатқан тұсы бейнеленген фотоларға қатысты да пікірімен бөлісті.
Фотоны таратқандардың ойынша, ондағы адам басында басты күдікті ретінде, қазір жапа шеккен тұлға ретінде сотқа қатысып отырған Аян Мейірбаевқа қатты ұқсайды.
"Мен ол фотосуреттерді көрдім. Олар бұрын Интернетте табылған бейнероликтен алынған", - деді ол.
Еске сала кетейік, Астанада Медицина университетінің студенті Ерасыл Әубакіровтің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі өтуде. Сот алдына қылмыс жасады деген күдікпен тартылып отырған Нұрбек Әжімбай, Виталий Шерстенев пен Андрей Тихоненко шығады. Істі алқа билердің қатысуымен судья Айжан Шаяхметова қарайды.
Медицина университетінің студенті Ерасыл Әубәкіров 3 ақпанда із-түзсіз жоғалған. 10 ақпанда Астана қаласы ІІД-нің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында бұдан бұрын хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Е.Әубәкіровтің мәйітін тапқан болатын. Адам өлтірді деген күдікпен төрт адам - Аян Мейірбаев, Андрей Тихоненко, Виталий Шерстенев және Нұрбек Әжімбай ұсталды.
А.Мейірбаев қылмыстық істе ең басты күдіктілердің бірі болған. Бірақ кейін Аян Мейірбаевқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды, 7 мамырда Астана прокурорының келісімімен Аян Мейірбаев босатылды.