Ерасыл Әубәкіровтің ісі: Мейірбаевтың кінәсіздігі туралы дәлелдер келтірілді - адвокат
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ерасыл Әубәкіровтің ата-анасының заңгері Тельман Аленов сотта Аян Мейірбаевтың кінәсіздігі туралы дәлелдер келтірілгендігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, сот барысында қылмыс жасады деген күдікпен жауапқа тартылған Нұрбек Әжімбай, Виталий Шерстенев пен Андрей Тихоненколарға 11-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
«Бұл шешім - алқабилер сотының шешімі. Олар да залда барлық дәлелдемелерді көрді, барлық тарапты тыңдады. Алқабилер соты біз естіген үкімді шығарды», - деді Т. Аленов.
«Қазір сот осы іске нүкте қойды. Сот тергеуі объективті өтті. Сотта барлығына бірдей жағдай жасалды, барлығына сөз берілді», - дейді заңгер.
Еске сала кетейік, Медицина университетінің студенті Ерасыл Әубәкіров ақпан айында аяусыз өлтірілген болатын. 10 ақпанда Астана қаласы ІІД-нің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Е.Әубәкіровтің мәйітін қар астынан тауып алды. Адам өлтірді деген күдікпен басында төрт адам - Аян Мейірбаев, Андрей Тихоненко, Виталий Шерстенев және Нұрбек Әжімбай ұсталған еді. А.Мейірбаев қылмыстық істе ең басты күдіктілердің бірі болған. Бірақ кейін Аян Мейірбаевқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды, 7 мамырда Астана прокурорының келісімімен Аян Мейірбаев босатылды.