Ербол Хамитов: Өзгелерді шабыттандыру — нағыз марапат

АСТАНА. KAZINFORM — Милан қаласында пара биатлон мен пара шаңғы спортынан алтын және қола жүлде иеленген 28 жастағы спортшы Ербол Хамитовке демеушілер атынан Астанадан екі бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды.

Ербол Хамитов: Өзгелерге үлгі болу — нағыз марапат
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Ербол Хамитов журналистерге берген сұхбатында Паралимпиада жүлдесіне дейін жүріп өткен жолын айтып берді. Ол 19 жасында ауыр жарақат алғанын — тізесіне оқ тиіп, соның салдарынан аяғы тізеден төмен ампутацияланғанын айтты. Ол осы қиындыққа қарамастан спортқа қайта оралған. Спортшы жарақат алғанға дейін грэпплинг және күреспен айналысқан.

— Мен ұзақ уақыт өзімнің мүгедек екенімді мойындамадым, бұл жағдайға бейімделу өте қиын болды. Бірақ тәлімгерлерімнің арқасында өзіме қайта сенім пайда болып, биатлон және шаңғы жарысымен айналыса бастадым, — деп бөлісті Хамитов.

Ербол ең маңыздысы ақша емес, құндылықтар екенін ерекше атап өтті.

— Ақша мен үшін ешқашан бірінші орында болған емес. Ең бастысы — ар-намыс пен қадір-қасиет, кез келген жағдайда адам болып қалу. Әрине медальдар мен сыйақылар қуантады, бірақ мен үшін ең үлкен марапат өзгелерге үлгі көрсетіп, басқаларды шабыттандыру, — деп атап өтті.

Ербол Хамитов: Өзгелерге үлгі болу — нағыз марапат
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Спортшының айтуынша, жарыста жеңіске жетуіне мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үлкен рөл атқарған.

— Егер Мемлекет басшысының қолдауы, Туризм және спорт министрлігінің демеуі болмаса, бүгін бұл жерде тұрмас едім, — деді ол.

Ербол Паралимпиада кезіндегі қиындықтар туралы айтып, шаңғы жарысындағы қола медальдің өзі үшін қаншалықты құнды екенін атап өтті.

— Биатлонда алғашқы күндері ату кезінде психологиялық тұрғыдан қиын болды, бірақ мен күресуді тоқтатпадым. Ал шаңғы жарысында тартыс өте күшті болды: мен жеңімпаздан небәрі бір секундқа ғана қалып қойдым. Сондықтан мен үшін бұл қола медаль алтыннан да қымбат, — деп қосты спортшы.

Ербол Хамитов өзінің күш-жігері туралы да сөз қозғады.

— Мен өзімді қайтадан төбеден шанамен сырғанап бара жатқан бала сияқты елестеттім. Бұл маған сенімділік пен шабыт алуыма көмектесті, - дейді ол.

Сондай-ақ спортшы алдағы жоспарлары туралы да айтты.

— Алдағы мақсат — жарыстарға қатысып, жаңа сайыстарға дайындалу. Пара есу және каноэ есу бойынша жазғы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін қарастырамын. Бірақ бұл туралы айтуға әлі ерте, шешімді жаттықтырушылармен бірге мұқият жоспарлау қажет, — деді ол.

Ерболдың әңгімесі паралимпиадашыны күтіп алу үшін әуежайға келген қазақстандық Надежда Летяйкинаны да шабыттандырды.

— Оған қараған кезде сіз жай ғана спортшыға емес, өз қиындықтарын қанатқа айналдырған адамға қарап тұрғандай сезінесіз. Бұл адамды шабыттандырады! — деді Надежда Летяйкина.

Ербол Хамитов Қазақстан жастарын қиындықтан қорықпауға, өз мақсатына ұмтылуға, өз күшіне сенуге және спортта да, өмірде де жаңа белестерді бағындыруға шақырды.

Еске салайық, 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындары кезінде Хамитов пара биатлон бойынша ерлер арасында 4,5 шақырым қашықтықта қуып жету жарысында чемпион атанды. Ол мәреге 9 минут 39 секундта жетіп, алтын медаль жеңіп алды.

Күміс медальді украин спортшысы Тарас Рад иеленді (21,5 секундқа қалып қойды), ал қола жүлдені қытайлық шаңғышы Лю Цзысюй алды (32,5 секунд артта қалды).

Сонымен қатар Хамитов 1,5 шақырым спринттік шаңғы жарысында қола медаль жеңіп алды. Бұл жарыста жеңісті Лю Цзысюй (2 минут 28,9 секунд) иеленді, күміс медальді бразилиялық Кристиан Вестемайер Рибейру (2 минут 29,6 секунд) алды, ал Ербол сайысты 2 минут 29,9 секунд нәтижемен аяқтады.

Бұған дейін қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов Қазақстанға оралғаны туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар