Ербол Қарашөкеев экс-әкім Даниал Ахметовтің субсидия алған қызына қатысты пікір білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысынан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев экс-әкім Даниал Ахметовтің субсидия алған қызына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысынан кейін тілшілер министрден Даниал Ахметовтің қызы Павлодар облысында субсидия алған жалғыз жеке кәсіпкерлік екенін және оған бұл көмек не себепті берілгенін сұрады.
Өз кезегінде Е.Қарашөкеев субсидия беру кезінде салада туыстық қарым-қатынас ескерілмейтінін айтты.
«Бізде мемлекеттік аграрлық жүйеде 51 мың нысан тіркелген. Олардың барлығы ауыл шаруашылығы тауарларын өндіріп жатыр. Фермерлер өңдеп жүрген жерін, мал басын көрсетеді. Бұл ретте олардан «Әкең немесе анаң кім, өзің кімсің?» деп ешкім сұрамайды. Жүйе объективті түрде қарап, тиісті негіз болса, қаражат аударады. Ақша болмаса, кезекке тұрады. Осының бәрі жүйеге енгізілді. Біз қазірдің өзінде 120 миллиард субсидия бөлдік, он мыңдаған адам субсидия алды. Сондықтан көтеріп отырған мәселе бойынша бізге ресми сауал жолдасаңыздар, бұл субсидия бойынша нақты жауап береміз», - деді министр.
Оның айтуынша, субсиядия бөлген кезде адами фактор жойылған.
«Министр ретінде біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді бөліп-жармаймын, яғни олардың туыстарының беделіне немесе дәулетіне қарамаймын. Ең бастысы, бізде заң мен ереже бар. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз», - деді ведомство басшысы.