Ерболат Досаев әкімдік пен министрліктердің жұмысындағы кемшіліктерді атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-министрінің орынбасары, инвестициялық климатты барынша қолайлы ету жөніндегі жобалық кеңсе үйлестірушісі Ерболат Досаев бүгінгі Үкімет отырысында кей әкімдіктер мен министрліктердің жұмысындағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен алты айдың қорытындысынан кейін кейін екі айдың ішінде жобалық кеңселер мемлекеттік орталық органдармен, жергілікті атқарушы билікпен жұмыс істеп жатыр. Инвестициялық өсімнің нәтижелері ешкімді қалыс қалдырмауы тиіс. Өйткені, сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту - органдар мен әкімдіктердің басты жұмысы. Негізгі капиталға салынған инвестицияларда өсу қарқынының баяулауы байқалуда. Десе де, отын-энергетикалық кешенге салынған инвестициялардың үлесі азайып жатқан жоқ», - дейді Премьер-министрдің орынбасары Үкімет отырысында.
Ерболат Досаевтың айтуына қарағанда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, энергетика саласындағы жалпы сомасы 500 миллион доллардан асатын 14 жоба алға баспай қалған. Бұған Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау және СҚО-дағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының артта қалуы себеп болып отыр.
«Алда келе жатқан айдың соңына дейін жаңа кесте қарап, биыл осы жұмысты бітіру үшін бірге жұмыс істеуіміз керек. Жобалардың барлығы да өндіріс, ауыл шаруашылығы және энергетика саласындағы жобалар. Алматы қаласы, Ақмола, Атырау, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында 83 млн доллар сомасында өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында және саудада 11 жобаны іске қосуда сәтсіздікке жол берілді. Сонымен қатар, нарыққа инвесторлар келген жоқ әлі. Мемлекеттік индустрияландыруға бағытталған елеулі қаржыландыруға қарамастан өткен жылы өңдеу өнеркәсібі өсімінің тұрақты төмендеуі байқалды», - дейді ол.
Ерболат Досаев атап өткендей, бүгінгі күнге дейін кәсіпорындарды жаңғырту және техникалық қайта жабдықтауды ынталандыру үшін 2025 жылға дейін 45 кәсіпорын таңдалып алынған.
«Технологиялық трансфертті және білім беруді дамыту, жұмыстар мен қызметтердің қосымша құндылығын арттыру бойынша жүйелі және шешуші ұсыныстар түскен жоқ. Мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан айқын кемшіліктер бар. Әкімдіктер көрсетілген қызметтердің сапасын жақсартуға және Елбасының тапсырмасындағы денсаулық сақтау саласы мен білім берудегі өнімділікке жеткілікті назар аудармайды. Білім беруде барлық қажетті заңнамалық база құрылды. Бірақ бұрын жоспарланған көрсеткіштердің артта қалуы байқалады. Мәселен, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша индикаторлардың төмендеуі 10 аймақта, атап айтқанда Астана қаласы, ШҚО, БҚО, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыстарында бекітіліп отыр», - деді ол.
Ерболат Досаев сондай-ақ саудада әкімдіктер жаңғыртуға қызығушылық танытпайтынын атап өтті.
«Мәселен, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Қызылорда, Түркістан, СҚО-дағы нарықтар мен базарларды егжей-тегжейлі зерделеу талап етіледі. Базарлар жаңа форматқа көшу керек. Алайда бұл бағытта ешқандай прогресті көрмей отырмыз», - деді Ерболат Досаев.