Ерболат Досаев Алматының Түрксіб ауданын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының проблемалық мәселелерімен және даму перспективаларымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерболат Досаев Алматының Түрксіб ауданын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді

Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданындағы жұмыс сапарын «Әлмерек» ықшамауданынан бастады. Мұнда қала әкімі күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстармен танысты. Жайлы қалалық орта басқармасына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп биылғы жылы медициналық нысанның құрылысын жобалауды бастау, балабақша, спорт және балалар алаңдарының құрылысын одан әрі жүргізу мәселесін пысықтау, №195 мектепке қосымша нысанның құрылысын жобалау мерзімін жеделдету және биыл құрылысты бастау туралы тапсырмалар берілді.

Тұрғындарды орталықтан сапалы сумен және су бұрумен қамтамасыз ету мақсатында биыл ықшамауданда инженерлік желілердің II кезеңінің құрылысы басталады. Сумен – 287, су бұрумен 519 үйлерді қамту жоспарлануда.

Жұмыс сапары барысында қала әкімі «Авиатор» стадионының аумағын аралап көрді. Спорт нысаны 3 гектар аумақта орналасқан, ал оның басым бөлігі бос. Осыған байланысты дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жобалауды бастау туралы шешім қабылданды. Оның секцияларына «Нұршашқан», «Әлмерек» ықшамаудандарының, сондай-ақ әуежай маңындағы тұрғын үй алабының балалары тегін бара алады. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған стадионды жаңғыртуға ерекше назар аударылады: көрермендер трибуналары мен шешінетін бөлмелер, бойынша жұмыстар жүргізіледі, жүгіру жолы салынады.

Сондай-ақ, қала басшысы Огарев көшесіндегі жұмыс істемейтін бұрынғы ведомстволық балабақшаның аумағын пайдалану жоспарларымен танысты. Оның жер көлемі 2 гектардан асады. Қазіргі кезде әрқайсысы 160 орынды мемлекеттік заманауи балабақша мен балалардың даму және шығармашылық орталығының құрылысы жобалануда. Осы ықшам ауданда 400-ге жуық бала кезекте тұр, ал мұнда 280 орынды бір ғана №185 мемлекеттік балабақша бар. Осыны ескере отырып, қала әкімі жобалау жұмыстарын ағымдағы жылдың III тоқсанының соңына дейін аяқтау әрі іске асыру бойынша тапсырма берді.

«Қайрат» ықшамауданында Ерболат Досаев 41 көппәтерлі тұрғын үйдің, 1500 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептің құрылысымен, емхана мен балабақшаны жобалау барысымен танысты. Биылғы жылдың соңына дейін мектепті пайдалануға беру, үйлердің құрылысын аяқтау және биыл емхана мен балабақша бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарлануда.

Сумен жабдықтау және кәріз мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өткен жылы мұнда сумен жабдықтау және кәріз желілерінің құрылысы бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Алайда, бүгінде 200-ге жуық үй жобаға әлі кірмеген. Қаланың Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына абоненттерді желілерге қосу жұмыстарын үстіміздегі жылдың шілдесіне дейін аяқтау және инженерлік желілердің құрылысына кірісу тапсырылды.

Шаһар басшысы 30-шы жылдары салынған мемлекеттік тілде оқытатын №59 мектеп-гимназияда болды. Қазіргі кезде жобалық қуаты 860 орынды мектепте 1251 оқушы білім алуда. Ағымдағы жылдың ақпан айында мектеп-гимназияның жанынан қосалқы нысан салу жөніндегі жобалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алды. Қалалық жайлы орта басқармасына реконструкциядан соң спорт алаңын абаттандыру үшін тиісті аумақты кеңейту тапсырылды.

Сондай-ақ, қала әкімі ескі үйлерді реновациялау аясында салынып жатқан үйлердің құрылыс барысымен танысты. Сауранбаев, Молдағалиев, Чернышевский, Толстой көшелерінің бөлігінде 4 үй бұзылып, 3 үй салынды, 7 үйдің құрылысы жалғасуда. Жалпы, Түрксіб ауданындағы 606 үй реновация бағдарламасына жатады, бұл Алматы қаласындағы ескі тұрғын үйлердің жалпы санының 50%-ын құрайды.

Ауданды аралау барысында абаттандыру, соның ішінде Оқушылар үйінің жанында орналасқан скверді реконструкциялау және жаңа рекреациялық аймақтарды құру бойынша жобалар таныстырылды.

Қала әкімі Түрксіб ауданының әкімі Б. Ақжаровтың жұмысын мақұлдады және «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында ауданды одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.