Ерболат Досаев Президентке «Бәйтерек» ҰБХ активтерінің 15%-ға артқаны туралы баяндады
Мемлекет басшысына холдингтің жұмысы туралы есеп беріліп, оны бұдан әрі дамыту жоспарлары таныстырылды.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін холдингке бөлінген қаражатты уақтылы әрі сапалы игерудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасының орындалуына қатысты мәселелерге арнайы тоқталды.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Мемлекет басшысына холдингтің құрылғаннан бергі көрсеткіштері ұдайы өсіп, былтыр оның активтері 2015 жылмен салыстырғанда 15%-ға артқаны туралы баяндады.
Сондай-ақ, Е.Досаев Қазақстан Президентіне отандық автокөлік өндірушілерді қолдау, машина құрастыру саласын қаржыландыру, шағын және орта бизнеске және экономиканың түрлі секторларындағы басқа да кәсіпорындарға жәрдемдесу мәселелері жөнінде мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев кездесу соңында бірқатар тапсырма берді.