Ердәулет Мейрамбекұлы ел чемпионы атанды - шетелдегі қазақ баспасөзі
«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
«Менің Алтайым» телехикаясы Шыңжаңның саяхатын жандандырды - «Халық газеті»

Жақында 8 сериялы «Менің Алтайым» телехикаясы Қытайдың Орталық телеарнасының CCTV-1 арнасында прайм-таймда көрсетіліп, қаралым бойынша рейтинг кезеңінде бірінші орынға шықты. Бұл туралы осы аптада қытайлық «Халық газеті» басылымы хабарлайды.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, «Менің Алтайым» 2010 жылы танымал жазушы Ли Цзуань басып шығарған аттас эсселер жинағынан бейімделген. Телехикая Алтайда шағын дүкен ашқан Ли Вэньсю мен оның отбасының жергілікті қазақ малшыларымен байланысы, қарым-қатынасы баяндалады.
Бұл минисериял Шыңжаңның Алтай аймағында түсірілген және ондағы көркем пейзаждар туындының бірегей белгісіне айналған.
«Кинодағы көркем табиғат көріністері, бай және қайталанбас халық мәдениеті, қарапайым және мұқият өмір философиясы көптеген көрерменді қызықтырды, сонымен қатар желі қолданушыларының назарын Алтайға аударды», - деп жазады қытайлық БАҚ.
Сондай-ақ осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қазақстандық қоймадан 1000 тоннадан астам жемдік бидай ұны Қытайға 15 күнде жетті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Келтірілген деректерге сүйенсек, 10 мамырда Қытайдың Лучжоу портының Халықаралық контейнерлік терминалына 62 контейнер жүк тиелген Қытай-ЕО пойызы келген.
Бұл пойыз Қазақстанның Қостанай қаласынан аттанып, Шыңжаңның Қорғас шекарасынан елге кіру арқылы Лучжоуға келді. Сапар барысы 15 күнге созылған. Жүк салмағы 1612 тонна жемдік бидай ұны. Келесі қадамда жүк Лучжоу маңындағы жем өңдеу зауыттарына жіберілмек екен.
Өзбекстанда 10 жаңа халықаралық автобус бағыты ашылады - «ӨзА»
2024 жылы Өзбекстанда 10 жаңа халықаралық автобус бағытын ашу жоспарлануда. Көлік министрлігінің хабарлауынша, бүгінде ұлттық және шетелдік 32 тасымалдаушымен Өзбекстаннан 37 бағыт бойынша Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанға жалпы 196 автобус қатынауы жолға қойылған. Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.

Атап айтқанда, келесі 10 жаңа халықаралық автобус бағытында болмақ, Самарқанд – Бішкек, Бұхара – Бішкек, Бұхара – Астана, Самарқанд – Түркістан,
Бұхара – Түркістан, Шахрисабз – Түркістан, Самарқанд – Душанбе, Бұхара – Душанбе, Ташкент – Уфа, Ташкент – Краснодар.
«2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында халықаралық автобус бағыттарында 173 мың жолаушы тасымалданды. Көрсеткіштер 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға өскен», - деп жазды өзбекстандық БАҚ.
Қандасымыз Ердәулет Мейрамбекұлы ел чемпионы атанды - Harajorga
9 бөлімнен және 160-тан астам ойыннан тұратын 6 күндік тартысты бәсекеден кейін Гуандун өлкесінің Шэньчжэн қаласындағы Лонхуа мәдени-спорттық орталық спорт залында 2024 жылғы ұлттық бокс чемпионаты мамырдың 14-і күні кешке сәтті аяқталды.
Шыңжаңның бокстан ерлер құрамасы 2024 жылғы бокстан ерлер арасындағы Қытайдың ұлттық чемпионатында 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, биылғы ел чемпионатының сериясын сәтті аяқтады, деп хабарлайды қытайлық «Harajorga» басылымы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, шыңжаңдық бокс шебері Ердәулет Мейрамбекұлы финалда 71 келі салмақ дәрежесінде Хубэйлік Лю Вэйді, Шэньсилік Лю Юхаоды және Юннан өлкесінен келген Ли Гуофэнді жеңіп, 71 келі салмақ бойынша чемпион атағын жеңіп алды.
Жас ойыншылар да өте жақсы өнер көрсеткен. 19 жастағы Мұстафа Мұхтар финалда Чжэцзяннан, Юньнаннан және Бейжіңнен келген қарсыластарын арт-артынан ойсырата жеңіп, ұлттық чемпионатта 67 келі салмақта екінші орынды иеленген.
Сонымен қатар, 92+ келі салмақтағылардан Абдуршит Рамулла күміс медал еншілесе, Изһар бір қола медалді қанағат тұтқан.
Айта кетейік, 80 келі салмақта танымал боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлы қатарлы мемлекеттік командадағы спортшылар Париж Олимияда спорт жарысына дайындалғандығы себепті осы жолғы жарысқа қатыспады.
Сонымен қатар осы аптада «CNR» басылымында «Ол Париж Олимпиадасына қатысу толымдылығына ие болды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Нақытарақ айтсақ, Ыстанбұл қаласында өткен күрес түрлерінен Париж олимпиадасына әлемдік іріктеу турнирінде Қытайда тұратын қандасымыз Кабиран Абушайманұлы Париж олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.
Қандасымыз Абушайманұлы Ыстанбұлдағы әлемдік іріктеуде ширек финалдан сүрінбей өтіп, жартылай финалда қарсыласына жол берді. Алайда, қола медаль үшін таласта қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, үздіктер қатарына кірді. Ал Олимпиада жолдамасы сарапқа салынған шешуші сында өзбекстандық қарсыласын 2:1 есебімен ұтып, Париж Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алды.
Айта кетейік, 26 жастағы Кабиран Абушайманұлы Қытайдағы қазақтар көп қоныстанған Тарбағатай аймағы Дөрблжін ауданында қазақ отбасында дүниеге келген.
Ол осыған дейін Жазғы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алса, Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізген. Енді Түркиядағы соңғы әлемдік іріктеу турнирінде Париж олимпиадасының жолдамасын қанжығасына байлады.
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Қытай құрамасы күрес түрлерінен жалпы 11 жолдама жеңіп алған.
Иран, Өзбекстан және Қазақстан теннис федерациялары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды -«Parstoday»
Иран теннис федерациясы басшысының Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша Иран, Қазақстан және Өзбекстан теннис федерациялары арасындағы ынтымақтастық туралы екі меморандумға жеке-жеке қол қойылды.
Бұл туралы апта соңында Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.

Ирандық ақпарат агенттігінің мәліметінше, Азиялық теннисті дамыту жөніндегі кеңесшілер отырысына қатысу үшін Қазақстанға барған Иран Ислам Республикасы теннис федерациясының президенті Азизи Қазақстан және Өзбекстан теннис федерацияларының басшыларымен бөлек отырыстарда кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Талантты іздеуге назар аудару, әлемдік және жасөспірімдер жарыстарында қойылмалы белгілерді шығару, жарыс күнтізбесі мен үш елдің спортшыларының бір-бірінің жарыстарына қатысу мүмкіндігін түзету, төрешілік, жаттықтырушылар және білім беру бағдарламаларын алмасу және әртүрлі бағдарламаларды жүзеге асыру, теннистің дамуына баса назар аудару осы меморандумдарда ескерілген нәрселердің қатарында», - деп жазады ирандық басылым.
Қазақстанға келген шетелдік туристердің саны артты - TRT

2023 жылы Қазақстанға келген шетелдік туристердің саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсіп, 9,2 миллионға жетті.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың мәлімдемесіне сілтеме жасап деп хабарлады.
Айта кетейік, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев министрлер кеңесінің отырысында елдегі туризм саласының дамуы туралы мәлімдеме жасаған болатын.
Маржықпаев 2023 жылғы мәліметтер бойынша туризм саласының Ковид-19 эпидемиясынан кейін тез қалпына келгенін айтып, 2023 жылы Қазақстанға 9,2 миллион шетелдік келді. Бұл сан 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп, деген.
Маржықпаевтың айтуынша, елде ішкі турист санының айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, өткен жылы 9,6 миллионнан астам отандық турист саяхатқа шыққан.
Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Түркия Мәжілісінің басшысы мен Қазақстан елшісі кездесті» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Нуман Куртулмуш Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиевті қабылдады. Қабылдауда Куртулмуш дос және бауырлас екі ел арасында әр салада жақсы қарым-қатынастың бар екенін және соңғы кездегі өзара сапарлардың бұл қарым-қатынастарға үлкен үлес қосқанын білдірді.
Сондай-ақ жақында парламенттік делегациямен бірге Қазақстанға ресми сапармен баратынын айтқан Куртулмуш Қазақстанның түркі әлемі үшін маңыздылығына тоқталған.
Айта кетейік, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Куртулмуш 2023 жылы 6 ақпанда Кахраманмарашта болған жер сілкіністеріне байланысты Түркияға көмек көрсеткен Қазақстанға алғыс айтқан.