Ердоған 12 сәуірде Анталия әуежайының жаңа терминалдарын ашады

АСТАНА. KAZINFORM — 12 сәуірде жаңа ішкі және халықаралық терминалдар ашылғаннан кейін Анталья әуежайының терминал аумағы мен оның жолаушы өткізу қабілеті екі есе артады, деп хабарлайды ТАСС.

Анталияда туристік рекорд жаңарды - TRT
Фото: trt.net.tr

Бұл туралы Түркияның көлік министрі Абдулкадир Уралоғлу мәлімдеді. Сондай-ақ ол терминалдардың ашылу салтанатына президент Режеп Тайып Ердоған қатысатынын хабарлады.

— Президент Тайып Ердоған 12 сәуірде Анталия әуежайының жаңа терминал ғимараттарын ашады. Біз халықаралық терминал аумағын 90,1 мың шаршы метрден 224 мың шаршы метрге дейін ұлғайтамыз. Ішкі терминал 36,8 мың шаршы метрден 75 мыңға дейін кеңейеді. Осылайша, Анталия әуежайының жылдық өткізу қабілеті 82 миллион жолаушыға дейін артады. Қазіргі уақытта әуежай орташа есеппен 35 млн жолаушыны қабылдайды, — делінген министрдің ведомство сайтындағы мәлімдемесінде.

Ұшақтардың тұрақ аймақтарының саны 108-ден 176-ға дейін ұлғаяды. Әуежайдағы VIP-терминал 690 шаршы метрден 2 мыңға дейін кеңейтілді. Сондай-ақ әуе айлағының аумағында ауданы 2 мың шаршы метр үкіметтік қонақүй ашылады. Бұдан бөлек әуежайдағы әртүрлі қызметтердің аумағы мен үй-жайлары едәуір кеңейтіледі.

Уралоғлу 2024 жылы Анталия әуежайы 39,2 миллион жолаушыға қызмет көрсеткенін хабарлады.

— 2024 жылдың соңындағы жағдай бойынша біз ішкі желілерде 45 351 ұшақ пен 6,2 миллион жолаушыға, сонымен қатар халықаралық желілерде 188,7 мың ұшақ пен 32,9 миллион жолаушыға қызмет көрсеттік, — деп қосты министр.

Жазда Анталия әуежайы Түркияда Ыстамбұлдан кейін екінші жолаушы ең көп жүретін көлік хабтарының бірі саналады. Жаз маусымында ұшақтар орта есеппен бес минут сайын ұшып кетеді немесе қонып жатады. Әуе айлағында үш ұшу-қону жолағы бар, олардың екеуі белсенді түрде қолданылады.

Бұған дейін Түркияда инфляция әлі де екі таңбалы деңгейде сақталып отырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар