Ердоған: Қазақстанға келгенде өз үйімізде жүргендей сезінеміз

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының басшысы Реджеп Тайып Ердоған екіжақты кездесу өткізді. Сол кезде Ердоған қазақ жеріне жасаған алғашқы сапарын еске алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ердоған: Қазақстанға келгенде өз үйімізде жүргендей сезінеміз

"Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында ресми сапармен келіп отырғаныма өте қуаныштымын. Мен өзім Қазақстанды алғаш рет Алматы қаласы арқылы таныған едім. Содан бері көп нәрсе өзгерді. Астана құрылды. Бұл - біздің екінші үйіміз. Қазақстанға келсек, өз үйімізде жүргендей болып сезінеміз", - деді Реджеп Тайып Ердоған.

Түркия басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Түркия экономика, мәдениет, саясат, әскери сала және басқа да бағыттарда тығыз қарым-қатынастарды дамытып келеді. Екі елдің сауда айналымы 2 млрд доллардың шамасында. "Әрине, бұл көрсеткіш біз үшін жеткіліксіз. Бұрын келіскендей, сауда-саттықты 5 млрд-қа жеткізуіміз керек. Ол үшін экономикалық мүмкіндігіміз бар", - деп атап көрсетті Ердоған.

Айта кетейік, Түркия президенті Қазақстанға аймақтық мәселелерді, Сирия мәселесін реттеу саласындағы жұмыстары үшін өз алғысын жеткізді.