Ердоған Түркия премьерін референдумдағы жеңісімен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия президенті Таийп Ердоған премьер-министр Бинали Йылдырымды және елдің басты заңына өзгеріс енгізуді қолдаушы партия өкілдерін референдумдағы жеңістерімен телефон арқылы құттықтады, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл туралы Түркия көшбасшысының әкімшілігіндегі дереккөз хабарлады. «Президент референдумдағы жеңісімен Әділет және даму партиясының төрағасын, премьер-министр Бинали Йылдырымды, Ұлттық қозғалыс партиясының басшысы Девлет Бахчели мен Ұлы бірлік партиясының төрағасы Мустафа Дестиджиді құттықтады. Ол дауыс беру қорытындыларына байланысты түрік халқына бақыт тіледі»,-деді әкімшілік өкілі.
Аталған үш партия сайлау науқаны кезінде біріге отырып, түзетулерді насихаттады. Осы уақытта бюллетеньдердің 98 пайызы өңделді. Алдын ала мәліметтер бойынша, дауыс берушілердің 51,3 проценті Түркияда президенттік билікті енгізу жөніндегі түзетулерді қолдады.