Ердоған Түркияның газ өндірісін тәулігіне 20 млн текше метрге жеткізетінін айтты
АСТАНА. IKAZINFORM — Түркия Қара теңіздегі табиғи газ өндіру көлемін екі есе арттырып, тәулігіне 20 миллион текше метрге жеткізуді жоспарлап отыр. Бұған «Осман Гази» атты жүзбелі газ өндіру платформасы мүмкіндік береді. Бұл туралы Anadolu агентті жазды.
Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Зонгулдак провинциясындағы Фильос портында өткен «Осман Гази» жүзбелі платформасын теңізге шығарып салу рәсіміне қатысушыларға арнаған бейнеүндеуінде мәлімдеді.
Түркия басшысы бұл платформаның теңіздегі газ өндірісін дамытуда жаңа кезең ашатынын атап өтті.
— Бүгін энергетика тарихымызда мүлде жаңа бет ашып отырмыз. Біз өз міндетін орындау үшін Қара теңізге «Осман Гази» платформасын жіберіп жатырмыз. Шын мәнінде, бұл — жүзбелі өнеркәсіптік кешен, — деді Ердоған.
Президенттің айтуынша, платформа Сакарья кен орнындағы ұңғымалардан алынатын табиғи газды өңдеп, оны суасты құбырлары арқылы Фильос портына жеткізуге арналған 21 технологиялық қондырғымен жабдықталған.
Платформа іске қосылғаннан кейін Қара теңіздегі газ өндіру көлемі екі есе артып, тәулігіне 20 миллион текше метрге жетеді.
— Осылайша, 2027 жылдың басынан бастап Түркиядағы әрбір үшінші үй шаруашылығы өзімізде өндірілген табиғи газды пайдаланады, — деді президент.
Жүзбелі платформаның ұзындығы — 298,5 метр, ені — 56 метр, ал корпусының биіктігі 29,5 метрді құрайды. Онда 140 маман жұмыс істейді.
Айта кетейік, 2025 жылғы мамырда Түркия тарихындағы табиғи газ өндіруге арналған алғашқы жүзбелі платформа — «Осман Гази» Қара теңізге жіберілгені хабарланған болатын.