Ердоғаннан сыйлық алған балақай: Түркиядағы жаңалықтарға алаңдап отырамын
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында тұратын 3-сынып оқушысы Байжігіт Байкүбеновке 2021 жылы Түркия Президенті арнаулы сыйлық жіберген болатын. Хакім Абайдың өлеңін жатқа оқып, эстафетаны Режеп Тайып Ердоғанға жолдаған баланың үйіне былтыр Түркия елшілігінен қонақ та келген. Байжігіт бауырлас елдегі соңғы жағдайларды естігенде қатты күйзелгенін айтады. Жуырда аудандық мәдениет үйінде М. Мақатаевқа арналған кешке қатысқаны үшін алған ақшалай сыйлығын Түркия жұртына көмек ретінде жіберіпті.
Түркия Президентінің сыйлығы
Әуелі Байжігіттің Ердоғаннан сыйлық алуына себеп болған оқиғаға бір көз жүгіртіп өтейік. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойында 9 жасар Ләйлім Рысқали ақын өлеңін жатқа оқып, эстафетаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған еді. Ал, Байжігіт есімді тарбағатайлық бала эстафетаны Түркия Президентіне бағыттауға ниет білдірген. Оның бұл батылдығына әкесі Дулат Байкүбенов қолдау танытады.

Видео желіге жүктелгеннен кейін арада 1 жарым жылдай уақыт өткен соң ауылға Анадолы еліндегі TRT AVAZ телеарнасында Байжігіт жайлы сюжет көрсетілгені туралы хабар жетті. Содан кейін Түркияның Қазақстандағы елшілігі хабарласып, әкесі мен ұлын астанаға шақырған. Елордадағы елшілік ғимаратында оқушыға Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчудың хаты, Президент атынан Түркия туы бедерленген және «Байжігіт» деген жазуы бар алтын білезік пен гаджет сыйға тартылды.
Өткен жылдың мамыр айында Тұғыл ауылына елшілік жанындағы білім бөлімінің басшысы Абдулмуталиб Четин мен Түркиядағы TRT AVAZ телеарнасының басшысы Мехмед Захид қонаққа келді. Мақсаты – Байжігіттің кіндік қаны тамған жермен танысу, үйін, оқып жатқан мектебін көру. Қонақтар мектепке барып, оқушыларға сыйлықтар берген. Одан соң ауылдық мешітке бас сұғып, Құран кітабын таратты. Бұдан бөлек, жағдайы төмен 30 отбасына азық-түлікпен көмек көрсеткен.

Бала тілегі
Қазір Байжігіт 3-сыныпта оқиды. Ол «ҚазАқпарат» тілшісіне бауырлас елдегі жойқын жер сілкінісі туралы хабарды алғаш естігенде қандай әсерде болғанын айтып берді.
«Бұл суық хабарды естігенде, бірінші қатты үрейлендім. Одан соң күйзеліп, уайымдай бастадым. Әлеуметтік желі арқылы және телеарналардағы жаңалықтардан бәрін көріп отырдым. Кішкентай балалар аман болса екен, ата-аналары тірі табылса ғой деп тіледім», - дейді оқушы.
Байжігіт 9 ақпанда аудандық мәдениет үйінде М. Мақатаевқа арналған кешке қатысқаны үшін ақшалай сыйлық алыпты. Сол ақшаны бірден Түркия халқына көмек ретінде AFAD қорына аударған. Балақай әлі күнге дейін алаңдап, соңғы жаңалықтарды қарап, елеңдеп жүр.
Ауыл тұрғындарының көмегі
Оқушының әкесі Дулат Байкүбенов Түркиядағы жағдайды естігенде мүлде сенгісі келмегенін айтты.
«Түркиядағы түрік бауырларымызға WhatsApp желісі арқылы хабарластым. Жауап болмады. Артынан өздері бейнеқоңыраумен байланысқа шықты. Көз жастарын тыя алмай, жер сілкінісінің зардаптарын айтты. «Біз үшін Аллаға дұға жасаңыздар» деп өтінді. Менің де көзіме ыстық жас келді. «Дұғадамыз, біргеміз» дедік. Содан соң Түркия халқына көмектесу үшін азық-түлік, киім-кешек жинаумен айналыспақ болдық. Кейіннен AFAD қорына ақша аударуға болатынын білдік. Қазір Тұғыл ауылындағы мешіт жамағаты қаржы жинап жатыр», - дейді ол.

Дулат былтыр Тарбағатайға келген TRT AVAZ телеарнасының басшысы Мехмед Захидтен қандай көмек қажеттігін сұраған. Ол негізінен жылытқыштар қажет деп айтыпты.
«Тұғылдан жылытқыштар жіберуді ұйымдастырып жатырмыз. Одан соң ауыл әкімдігінің қызметкерлері бір күндік жалақыларын көмек ретінде аудармақ. Жалпы, ауылдағы барша халық түрік ағайындардың амандығын, осы сынақтан аман-есен өтуін тілеп отырмыз», - дейді Дулат Байкүбенов.

Тарбағатайлық азамат Қазақстанның Түркияға көмегі, яғни Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың гуманитарлық, қаржылай көмек беру туралы шешімі дер кезінде қабылданғанына риза.
«Сол жаққа аттанған еліміздің құтқарушыларына, медицина қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Барлығы аман-есен оралсын. Түрік бауырларымызға сабыр мен шыдамдылық тілеймін. Жаратқан жеңілдігін берсін. Біз сіздермен біргеміз!» - дейді Байжігіттің әкесі.
Еске салсақ, 6 ақпанда Түркияда 7 балдан асатын жер сілкінісі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентіне көңіл айтып, Үкіметке Түркияға шұғыл көмек көрсетуді тапсырған. Бұл - Түркияда кейінгі 100 жылда болған ең жойқын жер сілкінісі.
Сондай-ақ, ШҚО халқының Түркия мен Сириядағы зардап шеккендерге 10 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинағанын хабарлаған едік.
