Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ерекше балаларға қолдау күшейді: Елордада 98 арнайы кабинет жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған қолдау кабинеттерінің саны 98-ге жетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ерекше балаларға қолдау күшейді: Елордада 98 арнайы кабинет жұмыс істейді
Фото: Астана әкімдігі

Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына және мектеп өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүріп жатыр.

— Бүгінде елорда мектептерінде 5 мыңнан астам бала инклюзивті білім берумен қамтылған. Оқушыларға оқу процесінде қажетті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Қала мектептерінде қазіргі таңда 98 инклюзияны қолдау кабинеті ашылған. Мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психолог, логопед, дефектолог және басқа да мамандар тарапынан қолдау көрсетіледі. Әр балаға оның жеке қажеттіліктерін ескере отырып, тиісті жағдай жасауға басымдық беріледі, — дейді мамандар.

ерекше балалар
Фото: Астана әкімдігі

Инклюзияны қолдау кабинеттерінің тиімділігін елорданың бірқатар мектебіндегі тәжірибеден көруге болады. Бұл кабинеттерде балаларға арналған жеке және топтық сабақтар, логопед пен психолог жұмысы, емдік дене шынықтыру және әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған жұмыстар ұйымдастырылған.

Сонымен қатар инклюзивті білім беру ортасын одан әрі дамыту жұмысы жалғасып жатыр. Биыл қосымша 20 инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарланып отыр. Бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына қолайлы жағдайды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.

бизиборд
Фото: Астана әкімдігі

— Инклюзивті білім беру баланың тек мектепте білім алуымен шектелмейді. Оның маңызды бағыттарының бірі — оқушыны болашаққа дайындау, қабілеті мен қызығушылығына сәйкес мамандық таңдауға бағыттау. Осы мақсатта Астананың 6 мектебінде үш жылдан бері ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кәсіби бағдарлауға бағытталған бірегей жоба жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында 76 бала жас ерекшеліктеріне сай алғашқы сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп жатыр. Оқушылар теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыларды игеріп, еңбекке бейімделу мүмкіндігін алады. Ал мектеп қабырғасында қалыптасқан дағдыларын болашақта колледждерде одан әрі дамытуға мүмкіндік бар, — делінген хабарламада.

Ерекше балаларға қолдау күшейді: Елордада 98 арнайы кабинет жұмыс істейді
Фото: Астана әкімдігі

Осылайша, елорда мектептеріндегі инклюзивті білім беру жүйесі ерекше балалардың білім алуына жағдай жасаумен қатар, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өз қабілетін дамытуына және болашақ мамандығын таңдауға бағытталған.

Ерекше балаларға қолдау күшейді: Елордада 98 арнайы кабинет жұмыс істейді
Фото: Астана әкімдігі

Бұған дейін елімізде 30,5 мыңнан аса нысан инклюзивті талаптарға сай жабдықталғаны анықталды.