Ерекше білім беру саласына 3 мыңнан астам маман жетіспейді
АСТАНА. KAZINFORM — Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға 11 мың педагог жқмылдырылды. Бұл туралы бүгін Құрылтайдағы Үкімет сағатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.
- Ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала есепте тұр. Оларды тәрбиелеу және арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін 541 арнайы ұйым мен 11 мың арнайы педагог жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта 3 008 арнайы маман жетіспейді. Ең жоғары қажеттілік Астана (530), Алматы (305) қалаларында, Түркістан (300), Маңғыстау (219), Алматы (209) облыстарында байқалды. Бұл мәселені шешу үшін 9 колледжде 500 логопед, 6 колледжде 200-ден астам педагог-ассистент даярланып келеді, - деді Ж.Сүлейменова.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының кезекті Қазақстан халқына Жолдауында инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту жөнінде шаралар қабылдау туралы тапсырмасын іске асыру аясында үш жыл ішінде еліміздің өңірлерінде жаңа үлгідегі 20 арнайы мектеп салынбақ.
- Қыркүйек айында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 2026-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша ведомствоаралық кешенді жоспар қабылданды. Министрлік инклюзивті білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Бұл ретте негізгі басымдық инфрақұрылымды қалыптастырудан білім беру сапасын арттыруға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар әрбір балаға жеке қолдау көрсетуге бағытталған, - деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, мектептердегі бейнебақылау жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу басталды.