Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алаңы кеңейтіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заң мен ілеспе құжатты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алаңы кеңейтіледі

Заң жобасының негізгі мақсаты - өсімдіктер дүниесін қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету, табиғи өсімдік ресурстарын әрі өсімдік түрлерінің гендік қорын сақтау мен көбейту, сондай-ақ оларды ұтымды пайдалану үшін құқықтық негіз жасау.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметіне қарағанда, құжат аясында өсімдіктердің биоәралуандығын сақтау үшін экономикалық, жағдайлар жасау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өсімдіктер дүниесінің ресурстарын орнықты сақтауды және ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық тетіктерді ендіру ескерілген. Сонымен қатар өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, биоәралуандықты сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау міндеттері қамтылған.

Көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін заң жобасында өсімдіктер дүниесін, оның ішінде өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, реликті және эндемикалық түрлерін сақтау және қорғау, сондай-ақ өсімдіктер дүниесіне түгендеу жүргізу, мемлекеттік мониторинг және мемлекеттік кадастр жүргізу жөніндегі нормалар көзделген.

Сонымен қатар, биологиялық әралуандықты ұзақ мерзімді сақтауға және өсімдіктердің бағалы түрлерінің өсімін көбейтуді қамтамасыз етуге кепілдік беретін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алаңын ұлғайту іске асырылмақ.

«Құжатта өсімдіктер дүниесі саласындағы жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу ескерілген. «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заңның нормаларын толық іске асыру үшін Орман, жер, кәсіпкерлік, бюджет кодекстеріне, сондай-ақ «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдарға түзетулер енгізу талап етіледі. Заң жобаларын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды», - деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.