Ерекше күн: Алматыда неке қиюға 800 астам жұп тіркелді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2026 жылдың 26 маусымы (26.06.2026) — дәл осы датаны неке қиюға таңдаған алматылықтар көп.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы филиалының мәліметінше, бүгін қала бойынша 830 жұп отбасы құруға өтініш берген.
Жалпы жыл басынан бері мегаполисте 7 мыңға жуық неке тіркелген. Неке қиюға өтініш білдірушілердің орташа жасы әйелдерде — 29 жас, ал жігіттерде — 32 жас. Некеге тұруға өтініш берген азаматтардың ішіндегі ең үлкені — 92 жастағы ер адам. Ал ең жас жұп заңда белгіленген тәртіпке сәйкес ата-аналарынан рұқсат алып, 16 жасында отбасын құрған.
— Айрықша әрі есте қаларлық күн жас жұбайлар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Символикалық сандар үйлесімі бұл күнді отбасын құру үшін ерекше күндердің біріне айналдырды. Алматы қаласында неке тіркеу көрсеткішінің жоғары болуы мегаполистің демографиялық белсенділігін көрсетеді, — деп хабарлады мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда биыл нәрестелерге қойылған ең танымал есімдер қандай екенін жазғанбыз.