Ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарларын серуендетуге қатысты түзетулер енгізілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған заң жобасын Парламент Мәжілісі 2021 жылғы 27 қазанда бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасының негізгі міндеттері жануарларға қарау кезінде жалпы және арнайы талаптар белгілеу, жануарларды қатыгездікпен қараудан, оларды азаптау мен қырылудан қорғау, жануарларды қатыгездікпен жансыздандыруға жол бермеу, қоғамда адамгершілік пен ізгілікті нығайту, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу саласындағы ақпараттың қауіпсіздігін, ашықтығын, азаматтардың өзге де құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету болып отыр.
Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар:
1) жануарларға қарау қатыгездікпен қарау болып табылмайтын жағдайларды нақтылауға;
2) жергілікті атқарушы органдарының жануарларға арналған жекеше панажайларды қоса қаржыландыруына;
3) он алты жасқа толмаған адамдарға ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарларын серуендетуге тыйым салуды енгізуге;
4) қаңғыбас жануарларды бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен вакциналауға бағытталған түзетулерді енгізді.
Мәжіліс депутатты Александр Милютиннің айтуынша, депутаттар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында олар иелері болып саналатын үй жануарларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен есепке алуды жүзеге асыру бойынша норманы енгізді.
Заң жобасын талқылау барысында жылжымалы хайуанаттар бақтарын, контактілі зоопарктерді, жануарлардың жылжымалы көрмелерін, дельфинарийлерді, жылжымалы океанариумдарды құруға және олардың қызметіне тыйым салу туралы зооқорғаушылардың ұсыныстары ескерілді. Осы норманың аталған ұйымдардың меншік иелеріне тарату немесе қайта ұйымдастыру жөніндегі рәсімдерді жүргізу үшін уақыт беру мақсатында кейінге қалдыру мерзімі болады.
Жануарларға ізгілікпен қарау қағидаттарын нығайту үшін депутаттар жануарларға адамгершілікпен және ізгілікпен қарау жөнінде халықты ағарту және тәрбиелеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға қатысты нормаларды енгізді.
Депутаттар уәкілетті органның қаңғыбас жануарларды вакциналау және стерилдеу қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша құзыретін, жергілікті атқарушы органдардың үй жануарларын серуендетуге тыйым салынған орындарды айқындау бойынша, үй жануарларын есепке алуды ұйымдастыру, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру бойынша құзыретін нақтылады.
Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобалары да екінші оқылымда мақұлданды.