Ереван университетінде қазақ тілі курсы жұмыс істейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Арменияда қазақ тілінің мәртебесі артып келеді. Ереван мемлекеттік университетінің түркітанушылары осы іске көп көңіл бөлуде. Тіпті 5 жылдан бері онда ұлтымыздың мәдениеті мен әдет-ғұрпын таныстыратын орталық жұмыс істеп келеді. Ал осы елдің лингвист маманы қазақ тілін меңгеріп, білгенін өзгелерге үйретіп жүр, деп жазады «Хабар» арнасы.
None
None

25 жастағы Шушан Хачатрян енді армян, орыс, ағылшын, түрік, қазақ тілдерін біледі. Соңғы 3 жылда ол Астанадағы мекемелердің бірінде жұмыс істеп, бірқатар әдебиеттерді оқып үлгерген. Сол кезде қазақ тілін де меңгеріп алыпты. Шушанның қазақ тіліне деген құштарлығы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы арқылы артқан. Тіпті әйгілі туындының негізінде ол лингвистикалық зерттеулеріне де жауап тапты.

«Мен Астанада болған кезімде Абай мен Мұхтар Әуезовтің жазуы бойынша қазақ ұлтын таныдым. Яғни сіздердің мейірімді әрі қайырымды жандар екендеріңізді ұғындым», - дейді Ереван мемлекеттік университетінің аспиранты Шушан Хачатрян.

Лингвист өзінің докторлық диссертациясына ұлтымыздың ұлы туындыларын арқау етіпті. Енді ол Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын кеңінен зерттеп, қазақ тілін тереңінен меңгеруге кірісті.

Ереван университетінде келер аптадан бастап қазақ тілін үйрену курсы жұмыс істейді. Бүгінде оған 20 студент жазылып үлгерген.

Соңғы жаңалықтар