Еревандағы атыстың жай-жапсары белгілі болды (ФОТО)
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат - 27 шілдеге қараған түні Еревандағы полиция ғимараты бөлімін басып алған «Сасна Црер» радикалды қарулы топ мүшелері мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында атыс орын алды. Нәтижесінде бір полиция қызметкері және радикалды топтың бірнеше мүшесі және оның көшбасшысы Павел Манукян жарақат алды.
Полицияның қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Ашот Агаронянның хабарлауынша, 27 шілдеге қараған түні қарулы топтың екі мүшесі - Гагик Егиазарян мен Арам Акопян билікке өз еріктерімен берілді.
Жараланғандар «Эребуни» медициналық орталығына жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілді.
«Түнгі сағат бірде «Эребуни» медициналық орталығына үш жаралы адам түсті. Оның бірі полиция қызметкері. Оның оқ тиген аяғына дәрігерлер ота жасады. Қазір жағдайы тұрақты. Өзге жараланушылар - Павел Манукян және оның ұлы Арам Манукянға да ота жасалып, жансақтау бөліміне ауыстырылды», - деп хабарлады жергілікті БАҚ «Эребуни» МО директоры Микаель Манукянға сілтеме жасап.
Айта кетейік, өткен түні орын алған оқиға радикалды қарулы топ мүшелері мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасындағы бірінші атыс емес.
26 шілдеге қараған түні «Сасна Црер» топ мүшелері автокөлікпен полиция күзет жасағына жақындағысы келіп, полиция қызметкерлерімен атыс-шабыс өткізді. Онда радикалды топ мүшелері - Ашот Петросян мен Ованнес Арутюнян жарақат алып, билік оларды «Эребуни» медорталығына жеткізді.
Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта олар тұтқындарға арналған ауруханаға ауыстырылды. Оларға заңсыз қаруды сақтау және тасымалдау, топ болып ғимаратты басып алу бойынша айып тағылды.
Еске сала кетейік, 17 шілде күні «Сасна Црер» радикалды тобының мүшелері Ереван қаласы Эребуни ауданындағы күзет полкына басқыншылық жасап, бірнеше полиция қызметкерін кепілге алды. Кейінірек, келіссөздер арқылы кепілге алынған барлық тұтқынды босатты. Алайда, полиция бөлімі ғимаратын ұстап отыр. Қойған талаптары сол баяғы.