Еревандағы қарулы топтың бір мүшесі полициямен болған атыста жараланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еревандағы қарулы топ басып алған полиция полкі ғимараты аумағында болған атыс-шабыс нәтижесінде қаскөйлердің бір мүшесі жарақат алды, деп жазады ТАСС агенттігі.
«Патрульді-күзет қызметі полкының аумағында автоматтың үні естілді», - деді полиция полковнигі Ашот Агаронян. Ол қарулы топ мүшелерінің бірі - Араик Хандоянның жараланғанын атап өтті.
17 шілде күні отыздан астам қарулы оппозиционер патрульді-күзет қызметі полкына шабуыл жасап, ғимаратын басып алды. Бірнеше күн жүргізілген келіссөздердің арқасында, кепілге алынған полиция қызметкерлері босатылды.
Еревандағы қарулы топ Армения парламентінің депутаттарымен кездесуді талап етуде. 27 шілде күні олар жаралыларға көмек беру үшін полиция бөліміне келген жедел жәрдем бригадасын кепілдікке алды. Оларды босату үшін қаскөйлер Армения денсаулық сақтау министрінің және бір топ дәрігердің келуін, сол жерде ота жасауын талап еткен. Сол күні оппозиционерлер фельдшерді босатқан.
Осы оқиғадан кейін Армения ұлттық қауіпсіздік Қызметі қарулы топ мүшелеріне өз еркімен қаруды тастап, берілуін талап етті.
«Берілмеген жағдайда оқиғаның болуы мүмкін ауыр салдарының жауапкершілігі қарулы топқа артылатынын», - ескерткен.
«Жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты ҰҚҚ қарулы топтың қылмыстық әрекетінің алдын алу үшін және қарсы күресу үшін заңмен белгіленген шараларды қолдануға мәжбүр», - делінген хабарламада.