Ерейментауда жыл соңына дейін 45 пәтерлі екі үй пайдалануға беріледі-Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Ерейментау ауданында жыл соңына дейін 45 пәтерлі екі үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Абай Әлжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету біздің мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі. Тұрғын үйді барынша қолжетімді ету үшін Ерейментау ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 45 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы 1-позиция бойынша 45 пәтерлі жалға берілетін коммуналдық тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін 30,9 миллион теңге, 2-позиция бойынша екінші 45 пәтерлі тұрғын үйге 35,7 миллион теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда екі нысан бойынша ішкі әрлеу, санфаянс орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысандарды пайдалану беру мерзімі 2021 жылдың қараша айының соңына жоспарланған», - деді аудан әкімі.
Сонымен бірге, аудан әкімі жыл соңына дейін екі бассейні, жаттығу залы және ойын бөлмелері бар спорттық-сауықтыру кешенін ашу жоспарланғанын атап өтті.
«2022 жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Олжабай батыр ауылында және Тайбай ауылдық округінің Тайбай және Елтай ауылдарында көше жарығын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2021-2022 жылдары жылыту маусымына жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін №2 КВТС-10 қазандығына жөндеу жүргізілді. Бүгінгі таңда жоба бойынша барлық жұмыстар аяқталды. Қала 100 пайыз жылумен қамтамасыз етілген. Ерейментау қаласында (Абылайхан көшесі, ұзындығы 6 км) жөндеу жұмыстары аяқталуда, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 57,5 миллион теңге бөлінді», - деп түйіндеді аудан әкімі.