Ерейментаудағы ет өңдейтін кешеннің өнімдеріне сұраныс жоғары - Ақмола облысы
Ауданға сапары барысында облыс әкімі осындағы іргелі шаруашылықтардың бірі болып саналатын «Жаңа Береке» шаруа қожалығында болып, ондағы мал шаруашылығын дамыту барысымен танысты. Шаруашылықтың атқарушы директоры Жандос Хасеновтің айтуынша, бүгінгі күні шаруашылықта 2 мыңнан астам бас ірі қара бар.
Сонымен қатар, шаруа қожалығы әртараптандыру шеңберінде мал азығы болатын дәнді дақылдар егілетін алқаптарды кеңейтуде. Егістікке жарамды жердің 4 мың гектарына бір жылдық және көп жылдық шөп егіледі. Өткен жылы қожалық ет өңдейтін жаңа кешенді іске қосты.
Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде іске қосылған бұл жобаның құны 1 миллиард 131 миллион теңге. Бұл қаржының 738 миллион теңгесі «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы берілсе, қалғанын шаруа қожалығы өз қалтасынан салды. Оған қоса, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық мәртебесі бар шаруа қожалықтың 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы да бар.
«Асыл тұқымды мал басын көбейту үшін 2013 жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қаржысына 800 бас қазақтың ақбас сиыры мен 98 бас қалмақ сиырларын сатып алдық. Алдағы уақытта мал басын 3 мыңға жеткізіп, ет өндірісін арттыру жоспарда бар», - деді Жандос Хасенов.
Кешен іске қосылғаннан бері барлығы 70 тоннаға жуық ет сатылып, одан 81 миллион теңгеден астам табыс түскен. Экологиялық жағынан таза, сапалы мал еті негізінен Астана қаласының сауда орындарына өткізілуде. Елордалықтар тарапынан ірі қара етіне сұраныс жоғары. Сонымен қатар, серіктестік халықтың әл-ауқатын көтеруге де игі ықпалын тигізуде. Осы мақсатта Новомарковка және Кіші Торғай ауылдарында жұмысшыларға арналған барлығы бес тұрғын үй салып берген.