Ерғали Скендиров Маңғыстау ауданының әкімі болып тағайындалды
АҚТАУ. KAZINFORM – Ерғали Скендиров Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының әкімі болып тағайындалды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен Ерғали Скендиров аудан әкімі лауазымына тағайындалды.
Ерғали Сисенғалиұлы 1983 жылы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында дүниеге келген. 2006 жылы «Тұран-Астана» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы «Резерв» мемлекеттік республикалық кәсіпорнының «Автоматика» филиалында өндірістік-пайдалану бөлімінің бастығы қызметінен бастаған.
Әр жылдары «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында заңгер-кеңесші, партиялық бақылау жөніндегі инспектор, Өмірзақ ауылы әкімінің орынбасары, Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ «БозашыТрансҚұрылыс» ЖШС-де әлеуметтік мәселелер бойынша маман, Ақтау қалалық сайлау комиссиясының төрағасы, Маңғыстау облысының индустриалдық-инновациялық даму басқармасында бас маман болып жұмыс істеді.
2025 жылғы шілдеден бастап осы уақытқа дейін Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Бұған дейін Маңғыстауда Түпқараған ауданына әкімі тағайындалған болатын.