«Эрго-педагогика», «Ерте қолдау педагогикасы» сынды жаңа мамандықтарды енгізу ұсынылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде өткен ғылым туралы форумда Қазақстанда бүлдіршіндерді оңалтатын педагог даярлау ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Форумда С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген Қазақстанда сұранысқа ие «Эрго-педагогика» және «Ерте қолдау педагогикасы» білім беру бағдарламалары туралы айтқан. Бұл туралы ректор ҚазАқпарат тілшісіне толық айтып берді

«Бұл бағдарламалар ерекше білімді қажет ететін балалар үшін жасалып отыр. Осындай бүлдіршіндерді оңалтуды ерте бастау керек. Сонда оң нәтиже шығады. Білім беру бағдарламасын басқа жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер қолдайтынына сенімдіміз», - деді ол.

«Ерте қолдау педагогикасы» мамандығы бойынша диплом алатын студент ерте жастағы баланың психофизикалық даму ерекшеліктерін ескеріп жұмыс істейтін болады. Бағдарлама мемлекетке арнайы білім алуға және институционалдық мекемелерді ұстауға жұмсалатын шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.

Университеттің жобалау командасындағы жетекші әзірлеуші Светлана Стельмахтың айтуынша, «Эрго-педагогика» білім беру бағдарламасы сынды инновациялық бағдарлама еш жерде, тіпті шетелде де жоқ.

«Бұл Педагогика, психология, медицина, түзету әсері және басқа да көптеген ғылыми бағыттарды қамтитын пәнаралық бағдарлама. Эрго-мұғалім тірек-қимыл аппараты бұзылған баланы ертіп жүріп, оған күнделікті істерін ешкімнің көмегінсіз орындауға үйрету керек», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар