Эрика Жайлауова Sofia Cup турнирінде қола медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан көркем гимнастикадан халықаралық турнирде көпсайыстан жекелей сынның іріктеуі аяқталды.

Көркем гимнастика
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, көпсайыста қазақстандық Эрика Жайлауова 125.15 ұпай жинап, 3-орынды жеңіп алды. 

Мұнда болгариялық гимнастар – Боряна Колейн мен Эльвира Краснобаева жақсы нәтиже көрсетті. Тағы бір отандасымыз Айым Мейіржанова 4-сатыдан көрінді (124.25 балл). 
Бұл бағдарламаның финалы ертең өтеді.

Енді ұлттық құрама спортшылары Милана Парфилова – доп, шығыршық, лентадан, ал Эрика Жайлауова – шығыршық, доп, ұршықтан, Айым Мейіржанова – ұршық пен лента жаттығуында жүлдеге таласады.

Осы орайда айта кетейік, Эрика Жайлауова 2023 жылы Валенсиядағы лицензиялық әлем чемпионатының іріктеу сатыснда финалдық кезеңге өтуге сәл ғана жетпей, 19-орынға тұрақтаған еді. Сонымен қатар ол өткен жылы Ханчжоу төріндегі командалық жарыста 3-орын алған болатын.