Ерікті кәсіби зейнетақы жарналары 4 мыңнан астам азаматқа ғана төленуде - Еңбек министрі
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні ерікті кәсіби зейнетақы жарналары 4 мыңнан астам азаматқа төленуде. Ал ондай жұмыскерлер саны 346 мың адамды құрайды. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының кезекті таныстырылымы барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов осылай мәлім етті.
«Бұл ерікті зейнетақы жүйесінің жеткілікті түрде дамымағанын, тиісінше еңбек жағдайындағы ерекше қатерлерді өтемейтіндігін көрсетеді. Осыған орай міндетті зейнетақы жарналарына қосымша еңбекақы төлеу қорының 5 пайыздық мөлшерінде міндетті кәсіптік жарналар енгізу ұсынылады»,-деді С. Әбденов.
Оның айтуынша, зиянды өндірісте істейтін жұмыскерлер, кәсіптер тізімін Үкімет бекітіп қайта-қайта қарап отыратын болады.