«Ерікті таңдау жасайтын сәт келді» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында әдебиет пен өнер қайраткерлеріне Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды тапсырды. «Сонымен кеше тағы да жүзден астам әдебиет және өнер қайраткерлерінің отандық мәдениетті дамытудағы үлкен еңбектері Президенттік стипендиялармен атап өтілді. Олардың арасында Асанәлі Әшімов, Зәмзәгүл Шәріпова, Сәбит Оразбаев сынды театр тарландары, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сияқты ән өнерінің саңлақтары, Шерхан Мұртаза бастаған қабырғалы қаламгерлер, арқалы ақындар бар», деп жазады басылым. Мақала «Өнердің сапасы елдің санасына әсер етеді» деген тақырыппен берілген.
Еліміздің әр азаматының өз таңдауын жасауына үш күн қалды. 15 қаңтарда Қазақстанның бірнеше миллион сайлаушысы учаскелерге барып, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарда халық мүддесін қорғауға кімдердің лайықты екенін анықтау үшін дауыс береді. Осыған байланысты «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен «Сайлау-2012» тақырыбында ой бөліскен. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Сөзімнің соңында сайлаушылар тізіміне енген еліміздің барлық азаматтарына 15 қаңтар қай жағынан алғанда да өте жауапты күн екенін айтқым келеді. Өйткені, дауыс беру құқығы әрбір адамға жеке тиесілі. Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматы осы мүмкіндікті іс жүзінде пайдалануы тиіс. Бұл өзің үшін де, ел үшін де маңызды. Осы сайлау мемлекетіміздің келешекке бастайтын жаңа бір қадамы болмақ», - дейді. Сұхбат «Ерікті таңдау жасайтын сәт келді» деген тақырыппен берілген.
***
«Кеше Сенат 2012 жылдағы өзінің алғашқы жалпы отырысын өткізді. Өзін өзі тарқатқан Мәжілістен соң заң шығарушы биліктің қос тізгінін бір уыста ұстаған сенаторлар аз күнгі демалыстан тыңайып, жаңа жылдағы жұмысына құлшыныспен келгені көрініп тұр. Ағымдағы жылдың бірінші басқосуында-ақ Сенат оннан астам заң қабылдады. Алғашқы отырыста сенаторлардың талқысына ұсынылған «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» жаңа редакциядағы жобаның өзі мерекеден кейінгі мамыражай тірліктің «селт еткізері» іспеттес болғанға ұқсайды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақалада көтерілген жайтты басылымның бүгінгі санындағы «Сенат «Самұрық-Қазына» қызметіне мемлекеттің араласуын шектеп тастады» деген тақырыптан егжей-тегжейлі біле аласыздар.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматыға жұмыс сапары аясында қаланың Алатау ауданында Индустриялық аймақты құру жобасы таныстырылды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Индустриялық аймақ - Алматының экономикасының перспективалық өсуінің маңызды бөлігі. Аталған жоба заманауи инновациялық негізде өнеркәсіп өндірісін одан әрі дамыту үшін негіз болады, қаланың жалпы өңірлік өнімінің өсімін қамтамасыз етеді. Алматының өзге аудандарындағы өндірістер Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың аумағына топтастырылатын болады. Бұл мегаполистегі көлік және экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға мүмкіндіктер туғызады. Индустриялық аймаққа барлығы 76 өнеркәсіп және коммуналдық кәсіпорындарды орналастыру жоспарлануда. Олардың қатарында: 20 тамақ өнеркәсібі кәсіпорны, 18 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны, 14 жиhаз, 7 фармацевтикалық, 4 химиялық, сондай-ақ машина жасау саласындағы 13 кәсіпорын бар.