Еркеғали Рахмадиев атындағы филармонияның оркестрі Бішкекте өнер көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM – Бішкектегі Т.Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі «Достық жыры» атты концерт берді. Бұл туралы Бішкектегі Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Концертті оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның халық әртісі Айтқали Жайымов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекенов басқарды.
Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, «Құрмет» орденінің иегері, қобызшы Жанар Жүсіпова, мәдениет саласының үздіктері Ботагөз Тәшімова мен Амина Бошымова, халықаралық байқаулардың лауреаты Айым Бекбаева, опера әншілері Айгерім Темірбекова мен Нұрқанат Тапиев өнер көрсетті.
Концерттік бағдарламада қазақ халқының ән-күйлері мен Қазақстан композиторларының шығармаларымен қатар, кәсіби қырғыз композиторларының әндері мен күйлері де орындалды.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – қазақ пен қырғыз музыканттарының домбыра мен қомызда күй тартысуы болды. Бұл өнер сайысы екі халықтың дәстүрлі музыкасының өзара сабақтастығын айқын көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, гастрольдік сапардың басты мақсаты – екі ел арасындағы тарихи-мәдени байланысты нығайтып, достық пен ынтымақтастықты дамыту болды.
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Қазақ оркестрінің артисі, мәдениет саласының үздігі Сейілхан Сабыржанұлы «Достық жыры» концертінінің атауына ерекше тоқталды.
– Бұл – Қырғызстанның Т.Сатылғанов атындағы Ұлттық филармония әншілері мен дирижерлерінің қолдауымен жүзеге асып отырған алғашқы мәдени бастамамыз. «Достық жыры» атауының өзінде үлкен мән бар. Себебі қазақ пен қырғыз – тарихы тамырлас, мәдениеті мен өнері өзара үндес, бір-біріне жақын халықтар. Бізді біріктіретін дүние көп. Бүгінгі концертте Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Қазақ оркестрімен бірге еліміздің белгілі өнерпаздары да өнер көрсетеді, – деді ол.
Концерт Бішкек көрермендерінің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, Бішкекте Қазақстан киносы күндері өтіп жатыр.