«Еркекке декреттік демалыс керек пе?» - республикалық басылымдарға шолу

***
Биыл аса көрнекті тарихшы, түркітанушы, географ, этнограф Л.Н.Гумилевтің туғанына 100 жыл толды. Бұл мерейтойға байланысты республикамызда, таяу шетелдерде түрлі шаралар басталып та кетті. Мысалы, 1-2 қазан күндері Санкт-Петербордың әйгілі Таврия сарайында ТМД-ның Парламентаралық ассамблеясы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырған ғалымның өмірі мен шығармашылығына байланысты ғылыми жиын өтті. 10-11 қазанда елордадағы ғалымның атын иеленген оқу орнында халықаралық Еуразия ғылыми форумы болады. Еуразия ұлттық университеті осы мерейтойға арнап «Лев Гумилев» энциклопедиясын (бас редакторы Е.Б.Сыдықов) және түркітанушының мұрасын әр тұрғыдан саралаған 12 кітап жариялады. Бұл күндері аталған оқу орнында «Л.Н.Гумилев онкүндігі» үлкен табыспен өтіп жатыр. Мұның бағдарламасында қарапайым эссе жазудан бастап, ғалым өмірі туралы спектакль қоюға дейінгі қызықты ізденістер бар. «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында Еуразия идеясымен тарихи сананы қайта жаңғыртқан ғалым Л.Н.Гумилев туралы ойларды «Пассионар» деген тақырыптағы мақалада басып отыр.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, соңғы уақытта әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі туралы жиі айтатын болдық. Ер-азамат отбасының асыраушысы ғана емес, асқар тау - әке екенін де жадынан шығармауы керек. Бала тәрбиесі - анаға да, әкеге де ортақ міндет. Әлбетте, баланы табу - анаға жүктеледі, ал оны асырап-бағу - әкенің негізгі жауапкершілігі. Бірақ баланы күтіп-баптау бойынша арнайы демалыс аналарға ғана беріледі. Ал әлемнің кей елдерінде декреттік демалыс алуға еркектер де құқылы. Норвегиялық депутаттар еркектерді декретке шағаруды қолға алған көрінеді. Бұл жайында «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Еркекке декреттік демалыс керек пе?» атты мақаласында кеңірек жазылған.
Осы басылымның жазуынша, Қазақстан Жазушылар одағының мәжіліс залында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Қалижан Бекхожиннің таңдамалы шығармаларының тұсаукесер рәсімі өтті. «Бүгін оқырманға жол тартып отырған бір мың бетке жедеғабыл «Таңдамалы шығармалары». Қалижан Бекхожин кітабының бұлайша үлкен көлемде жарық көруі - ақынның ғасырлар бойы төл оқырманымен бірге болатындығының айқын дәлелі. Оқырманға жол тартқан мына кітап - халқымыздың үлкен эпик ақыны Қалижан Бекхожиннің қазақ поэзиясындағы орны мәңгілік екендігінің айғағы!», - деп Мыңбай Рәш жүрек-жарды ой-пікірін жеткізді.
***
«Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің тең жартысынан астамы жалға беріледі. Тамыз айынан бері бірлесе тексеру жүргізіп келе жатқан Алматы қалалық Ішкі істер қызметі мен Салық басқармасының бірлескен тексеруі нәтижесінде аталмыш қалада үйі бар тұрғындардан гөрі, пәтер жалдаушылардың көп екеніне көз жеткізген құзырлы орын өкілдері осындай мәлімдеме жасап отыр. Шыны керек, оңтүстік астанада пәтер жалдап тұратындардың дені - өзіміздің қаракөз қазақтар. Нарықтық кезең тұсында ауыл тұрмысының тұралап, жұмыс көздерінің жабылуы тіршілігі қайнаған қалаға келгісі келетін ауылдықтардың санын еселеп арттыра түсті»,-деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында. Шаһардағы баспана мәселесін көтеріп отырған бұл мақала «Жалғыз үй болса, неге жалға береді?» деген тақырыппен жарияланды.