«Еркектерге ен салмаса, болмайды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 14-і. / ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 14-і,  сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Еркектерге ен салмаса, болмайды» - республикалық  басылымдарға шолу

***

Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы күндерде 75 жылдығын атап өтіп жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болып, мерекелік шараларға қатысты. Соның ең бастысы - Елбасының университеттің профессорлар мен оқытушыларына және студенттеріне арнап оқыған дәрісі телекөпір арқылы еліміздің барлық жоғары оқу орындарында көрсетілген болатын. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалды секіріс» деген атпен Елбасының осы оқыған дәрісі  турасында жазылған.  

Аталмыш басылымның «Толғандырар тақырып» айдарында «География - экология - қоршаған орта» деген тақырыптағы мақала берілген. Аты айтып тұрғандай, мақала қоршаған ортаны зерттейтін ғылымдарға кеңінен тоқталып, экологияны қорғау мәселесін ортаға салады.

***

Елбасының Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі іс сапарына назар аударған «Айқын» газеті де бүгінгі санындағы «Біз болашағын болжап отырған елміз» деген мақаласында Елбасының Студенттер сарайында жиналған университет ұстаздары мен шәкірттеріне арнайы оқыған дәрісіне кеңінен тоқталған.

«Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына, ең алдымен, Ресей және өзге де бірқатар посткеңестік елдердің қолдауының арқасында қол жеткізді. Екінші жағынан, бұл - Батыс тарапынан Қазақстанға берілген өзіндік сенім»,- дейді Ресей «Посткеңестік кеңістіктегі процестерді ақпараттық - талдау орталығының» бас директоры Алексей Власов «Айқын» газетінің тілшісіне берген сұхбатында. «Қазақстан ЕҚЫҰ- ның өте белсенді және тиімді төрағасы болуға ұмтылды» деген тақырыппен берілген сұхбатқа назар аударыңыз.

 Сондай - ақ осы басылымдағы «Мемлекеттік құнды қағаздар саудаға түседі» тақырыбымен берілген мақала енді бір аптадан кейін елімізде Қаржы министрлігінің МАОКАМ құнды қағаздарына жазылу науқаны басталатындығын айтыпты.

***

«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Еркектерге ен салмаса, болмайды» деген тақырыппен берілген мақала әйелдерін баласымен тастап, кейін алименттен жалтарып жүретін әкелер жайлы мәселе көтереді. Ер азаматқа әкелігін сот арқылы дәлелдету сияқты заңдық тетіктердің солқылдақтығын айтқан журналистің «еркектерге  ен салу» ұсынысын «Алаш айнасынан» оқып біліңіз.

 Сондай -ақ «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» тұрақты айдарында «Стресстік активтер қорының проблемалық несиелерді сатып алуға жұмсаған қаржысы құмға сіңгендей жоқ болып кетпей ме?» деген сауалға жауап іздепті. Тақырыпқа  қатысты Әлихан Бәйменов пен экономист Бейсенбек Зиябеков өз ойларын ортаға салады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 75 жылдығы мен Елбасының соған орай өткізген академиялық дәрісі туралы республикалық орыстілді басылымдар да жазды.

«ҚазҰУ қазақстандық ЖОО-лар рейтингінде бірінші орында тұр және бірінші болып ҚР Президентінің «Сапа саласындағы жетістігі үшін» сыйлығын иеленді», дейді университеттің кешегісі мен бүгініне тоқталған «Казправда»

Осы тақырыпты жалғастырған «Экспресс-К» Елбасының дәрісіне тоқталады. «Ауылдағы білім беру мәселесі айрықша мәнге ие. Соңғы сегіз жылда біз 616 мектеп салдық, құдды бір олар Қазақстанда мүлде болмаған сияқты. Оңтүстік Қазақстанда оқушылар үш ауысымда оқыды» деген сөзін келтіре келіп, Мемлекет басшысы жас мұғалімдерді ауылға келуге шақырғанын айтады.  

Ал  «Известия-Казахстан» газеті Мемлекет басшысына осы дәріс барысында студенттер көптеген сұрақтар қойғанын, Елбасы өзін сергек ұстаудың құпияларымен бөлісіп, көркем әдебиет таңдауға байланысты кеңестер бергенін жазады.  

Бұдан бөлек, газеттердің назарынан күзгі жиын -терім мәселесі де тыс қалмаған. «Казахстанская правда» солтүстікқазақстандықтардың рекордтық нәтижеде астық жинағанын жазады. Бұл өңірдің диқандары 6,1 миллион тонна астық бастырып, өнімділік көрсеткіші гектарына 15,7 центнерден келген.