Еркектің жұмысы дегендер кездесті, бірақ мамандығыма берік болдым – Құрметті жол қызметкері Валентина Ковалжи
ЗЕРЕНДІ. ҚазАқпарат – Валентина Ковалжи еліміздің құрметті жол қызметкері. Жол саласында 20 жылдан астам еңбек етіп келеді. Еңбек жолын қатардағы жұмысшы болып бастап, бүгінде республикалық маңызы бар тасжолдың қозғалысына жауап береді.
8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі ер адамның міндетін атқарып жүрген нәзік жанды жол қызметкерімен әңгімелескен құрған еді.
Валентина Ковалжи Ақмола облысы Зеренді ауданының тумасы. Сол жерде туып-өсіп, отбасын құрып, жұмыс істеп келеді.
Қазіргі қызметі «Қазақавтодор» ЖШС Ақмола облыстық филалы Зеренді аудандық бөлімінің басшысы.

«Алғаш еңбек жолымды 2001 жылы Зеренді ауылында жолды күтіп баптайтын жұмысшы ретінде бастадым. Менің міндетім жол, жол белгілері мен аялдамаларды әктеп-сырлау. Араға 3 жыл салып жол шебері атандым. Ендігі уақытта жоғары білім керек болды. Басында орта арнаулы білімім болды, кейін жоғары оқу орнына түстім. 2019 жылға дейін жол саласында шебер және аға шебер болып жұмыс істеп келдім. 2020 жылы мен бас инженер қызметіне тағайындалдым және сол жылы республикалық жол учаскесінің жетекшісі болдым. Бұл салаға негізі күтпеген жерден, бірақ өзімнің қалауыммен келдім. Жол саласы маған ұнады, міне 21 жыл бойы еңбек етіп келемін. Қазір жетекшімін, қол астымда жұмысшыларым бар. Менің ендігі міндетім жұмысты ұйымдастыру, жолды күтіп-баптауға қажетті материалдармен қамтамасыз ету», - деді Валентина Ковалжи.


Валентина Ковалжи «Көкшетау-Атбасар» және «Зеренді-Щучинск» республикалық тасжолының тіршілігіне жауап береді. Аталған жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 160 шақырымды құрайды.
Айтуынша, ұжымда 30 қызметкер бар, оның 3-уі әйел.
«Жұмыс жоспарын өзім құрамын. Біздің мақсат – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысына кедергінің болмауын қадағалау және біз ауа райының қолайсыздығына қарамастан жұмыс істейміз. Қыста боранда, жазда қайнаған шілдеде біз жолдамыз. Күн сайын жұмысқа таңертеңгі 08:00-де келемін. Таңертең алдымен мамандарды жинап, күн жоспарына көз жүгіртеміз. Жұмыс жоспарына сәйкес әр жұмысшы өз міндетін атқарады. Мен осы жұмысқа келгенде бір қызым бар еді, қазір 4 қызым бар. Барлығы да бойжетті, кішкентайым 1 сыныпқа барды. Менің жол саласында жұмыс істейтініме жақындарым да, таныстарым да үйренген. Жолдасым да түсініктікпен қарайды. Балаларымды балабақшаға бере сала жұмысқа қайта кірісетінмін. Кейін үйдің үлкендері ес жиған соң, тіпті уайымдамайтын болдым. Осы жылдар ішінде бұл жұмыс саған не үшін керек, еркектің жұмысы дегендер кездесті. Бірақ, мен мамандығыма берік болдым», - дейді ол.
Сондай-ақ, жұмыста түрлі күтпеген жағдайлардың болатынын айта келе, соның бірі туралы айтты.


«Бұрын бізде қызметтік көлік болмады. Жолға шығу керек болса қандай көлік бар соған мініп кете беретінбіз. Ол жеңіл автомобиль, ауыр жүк көлігі немесе КамАз болуы да мүмкін. Бір рет мен жұмыста жүрген кезде, жол бойында жолаушы әйелдің толғағы келіп қалды. Әрине, біз көмектестік, шұғыл түрде жақын елдімекендегі туу бөліміне жеткіздік. Әйтеуір аман сау босанды. Жолаушылар түрлі төтенше жағдайларға байланысты жол бойында қалып қойып, бізге хабарласып жатады. Біз дереу қол ұшын созамыз. Қазір бізде жылыту бекеттері бар. Егер жолаушы ауа райының қолайсыздығынан жолда қалып қойса, біздің жұмысшылар оларды құтқарып, жағдай оңалған соң уақытша жылыту бекетіне алып келеді. Жолаушыларға арналған уақытша бекетте керек жағдай қарастырылған», - дейді маман.


Валентина Сергеевнаның сөзінше, отбасында қазақ және орыс халқының ұлттық мерекелері теңдей тойланады.
«Наурызды да, Пасханы да басқа мерекелерді тұрақты атап өтеміз. Ет асамыз, бауырсақ пісіреміз. Қазы-қарта, жал-жаяны өзіміз үйден дайындаймыз. Бос уақытымда қыс болсын, жаз болсын отбасыммен табиғат аясына жиі саяхатқа шығамыз. Зерендінің табиғаты сұлу, демалысқа арналған орындар да жеткілікті. Мемлекеттік тілге келсек, жолдасым қазақ тілін еркін меңгерген, мен аздап қана түсінемін. Үлкен қыздарымды қазақ балабақшасына бергем», - дейді көп балалы ана.


Нәзік жанды жол қызметкері кәсібі ер адамға арналған деген түсінікпен келіседі.
«Ер адамдар ұжымында жұмыс істеген ұнайды. Көп сөз жоқ, нақты іс. Дегенмен ерлер ұжымының өзіндік ерекшелігі бар. Мен басшы ретінде әрдайым қызметкерлеріме түсініктікпен қараймын және әр жұмысшыны жақынырақ тануға тырысамын. Жеке немесе отбасылық жағдай туындаған сәтте мүмкіндігінше қолдау көрсетіп, көмектесуге тырысамын. Жалпы қызметкерлерді жұмыста үнемі қолдап отырамын. Ардагер жол жұмысшыларының айтуынша, 3 жылдан артық жұмыс істеген адам бұл саланы тастап кете алмайды. Менің жол саласын таңдауыма тағы бір себеп ол – жылдамдық. Маған жол жүргендегі жылдамдық ұнайды. Жол – өмір өзені секілді. Басқаша айтқанда, жол болмаса тіршілік жоқ. Сонымен қатар біздің жұмыста тұрақты, бекітілген кесте жоқ. Біз кез келген уақытта жолға шығуға дайын тұруымыз керек. Көбінесе жұмысымыз ауа райына байланысты», - дейді ол.
Өткен жылы Валентина Ковалжи Қазақстан Республикасының «Құрметті жол қызметкері» атты мемлекеттік наградамен марапатталды. Осылайша жол саласындағы 20 жылдық еңбегі еленді.

Айта кетейік, тамыз айының алғашқы демалысы елімізде «Жол қызметкерлері күні» ретінде аталып өтеді.

«Мен былтыр «Құрметті жол қызметкері» атағын алдым. Мен үшін одан артық сый жоқ. Балаларымның мамандық таңдауына көмектесемін. Үлкен қызым дәрігер, екінші қызым мұғалім мамандығына оқып жатыр. Үшінші қызымды спорт секциясына бердім, оның ішкі істер органында жұмыс істегенін қалаймын. Ал кенжем 1 сыныпта оқиды, мамандық таңдауға ертелеу. Менің мамандығыма келсек, жалпы қыз баласына жол қызметкері болуға кеңес беремін, егер осы саладағы қиындыққа дайын болса, әрине. Жол жұмысшысы болу үшін ерік-жігермен қатар мінез керек. Әйел адам үшін тағы бір қиындық, біздің мамандық ол далалық жұмыс. Кабинетте отыру деген жоқ, кез келген уақытта бір жағдай болып қалуы мүмкін. Барлық отбасы бірдей түсіністікпен қарай бермейді. Егер жолдасы мен отбасы қолдаса, нәзік жандарға жол саласында жұмыс істеуге кеңес беремін. Оның үстіне соңғы жылдары мемлекет тарапынан жолдың сапасына ерекше көңіл бөлініп жатыр», - деді ол.
Құрметті жол қызметкерінің мәлімдеуінше, жолаушылар әртүрлі болады.
«Нешетүрлі жолаушылар кездеседі. Әр адам әртүрлі. Көп жағдайда жолаушылар жол бойында қалып қойса, оған өздерін кінәламайды. Далада тұрып қалғаны үшін кінәні біреуден іздеп жатады. Ал біздің міндет жолаушыны құтқару, көмектесу. Әрине, жолаушылар алғысып білдіріп жатады», - дейді В. Ковалжи.
