Еркеш Шакеевтің музыкасы Үндістанда әуелемек
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев пен композитор Еркеш Шакеевтің жұлдызды дуэті Үндістанның Мумбай қаласындағы Jamshed Bhabha Theatre опера театрында өнер көрсетеді. Бұл туралы композитордың өкілдері хабарлады.
Ақпанның 5-8 аралығында Мумбайда ең ірі Kala Ghoda OpenAir өнер фестивалі өтеді. Қазақстандық өнерпаздардың шеберлігін 10 мыңға жуық көрермен бағалай алады.
Еркеш Шакеев бұдан екі апта бұрын Лондон қаласында концерт берген болатын. Концерт Лондондағы St. Luke's соборында Лондон симфониялық орекстрі мен белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиевтің сүйемелдеуімен өтті.
Оның айтуынша, «Inception» атты жаңа альбомға 12 композиция енген. Бірнеше туынды атақты скрипкашы Марат Бисенғалиевпен бірге жазылған.
«Альбом 2014 жылдың жазында Ұлыбританияның үздік студиялары Abbey Road және AirStudios, музыкант Карл Дженкинстің студиясында жазылды. Туындыға атақты Александр ван Инген продюсерлік етті. Бұл менің өмірімдегі ең бақытты сәттерім десем де болады. Мен өз елімнің әлемдік аренада танылуына үлес қостым деп ойлаймын»,- деді композитор.
Концертте «Inception» альбомынан бөлек бірнеше жаңа дүниелер орындалды. Оркестрге Берлин симфониялық оркестрінің дирижері Лиор Шамбадал дирижерлік етті.