11:20, 21 Ақпан 2018 | GMT +5
Еркін бағдарламада барымды саламын - Элизабет Тұрсынбаева
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан қысқа бағдарламада сынға түскен Элизабет Тұрсынбаева жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Мен қысқа бағдарламада өте жақсы өнер көрсеттім деп есептеймін. Осындай әлем көз тігіп отырған Олимпиада ойындарында сайысқа түсіп жатқаныма қуаныштымын. Себебі, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстаннан Олимпиада ойындарына тұңғыш рет екі қыз қатысып отыр. Бұл үлкен жетістік", - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Элизабет Тұрсынбаева ертең еркін бағдарламада барын салып, жоғары ұпай еншілеуге тырысатынын айтты.
"Мен жарыс барысында орындауға тиісті бірінші элементті жасай алмадым. Сол үшін ұпайым сәл төмендеп қалды. Ал басқа жаттығуларды жақсы орындадым. Бастысы еркін бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алып отырмын. Бұйырса, ертең еркін бағдарламада барымды салып, жоғары ұпай алуға күш саламын", - деді ол.