17:56, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Еркін күрестен Әлем кубогінде Қазақстан төртінші орынға ие болды
АЛМАТЫ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Иранның астанасы Тегран қаласында еркін күрестен Әлем кубогі аяқталды. Екі күнге созылған сайыстың қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 4-ші орынға ие болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жарыстан елге оралған команда бүгін Алматыда арнайы баспасөз мәлихатын өткізген болатын. Бас жаттықтырушы Мәлік Нәдірбеков Әлем кубогі жолындағы тартыстың нәтижелерімен таныстырды. «Әлем кубогін иеленген Әзірбайжан спортшыларының өнерлері біздің тарапымыздан қызығушылық тудырды. Ол елде палуандарға барлық жағдайлар жасалуда. Бізде осы жағы жетіспей жатса да, алда келе жатқан Азия біріншілігінде алдыңғы орындардан көрінуге толық мүмкіндігіміз бар», дейді бас бапкер.Қазақстан құрамасында жеті салмақ дәрежесі бойынша 12 спортшы болды. Олардың қатарында Еркебала Тұрғанбаев (55 кг), Әсет Серікбаев (55 кг), Жасұлан Мұхтарбекұлы (60 кг), Ролан Көксегенов (60 кг), Леонид Спиридонов (66 кг), Ақжүрек Таңатаров (66 кг), Әбілхәкім Шәпиев (74 кг), Сейфадин Османов (74 кг), Азхаур Аджиев (84 кг), Ермек Байдуашев (84 кг), Дәулет Шабанбай (96 кг), және Марид Мүтәлімов (120 кг) бар.