Еркін Тұқымов: ҚСЗИ-да қызмет ететін адамдар – біздің басты құндылығымыз

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының 30 жылдығына орайластырылған тарихи-құжаттық көрме мен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еркін Тұқымов: ҚСЗИ-да қызмет ететін адамдар – біздің басты құндылығымыз
Фото: ҚСЗИ

Іс-шара ҚСЗИ қара шаңырағында, 30 жыл бұрын институттың іргесі қаланған ғимаратта ұйымдастырылып, оған институттың бұрынғы қызметкерлері мен ардагерлері, зерттеу ұйымдары мен талдау орталықтарының жетекшілері қатысты. «Қазақстанның стратегиялық дамуының сараптамалық қамтамасыз етуіне ҚСЗИ қосқан үлесі» атты дөңгелек үстелді ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов ашты.

«Мерейтой – атқарылған жұмысты қорытындылау үшін жақсы себеп. Мың шақырымдық жол бір қадамнан басталады. Біздің институт 1993 жылы Президент Жарлығымен құрылды. Ең алдымен, бұл – ҚСЗИ-дың негізін қалаған, институттың тұңғыш директоры Өмірсерік Қасеновтың еңбегі. Біз жақында мұрағатты ақтарғанда ол кісінің институттың құрылуына, құрылымына қаншалықты стратегиялық тұрғыдан қарағанына көзіміз жетті. Біз ҚСЗИ-дың құрылымы мен зерттеу бағыттарының барлығын 30 жылда сақтап қалдық. ҚСЗИ құрылғаннан бастап сараптамалық жұмыстың өте жоғары деңгейі қойылды. Бұл институттың жетістігін көрсетті. Осы жылдар ішінде 5 мыңнан астам талдамалық және ақпараттық материалдар жарияланып, 663 ғылыми іс-шаралар өткізілді. Институт қызметкерлері 3 384 ғылыми мақала жариялап, БАҚ-та 6 мыңнан астам рет сөз сөйледі», - деді ол.

Сондай-ақ, «ақыл-ой орталығының» қазіргі көрінісі мен құрамын атап өтіп, институт негізделген іргетасты бұрынғы директорлар құрғанын айтты. Еркін Тұқымов Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафинаға «ҚСЗИ 30 жыл: даму жолы» тарихи-құжаттық көрмесін өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

«Даму жолы» атауы берілген көрмеде ҚСЗИ тарихының барысына әсер еткен алғашқы құжаттар, маңызды бұйрықтар, атаулы оқиғалар мен іс-шаралардың фотосуреттері бар. Сонымен қатар, институт шығарған соңғы басылымдар, кітаптар, монографиялар мен журналдар ұсынылды.

«ҚСЗИ-да аңғарғаным – ең алдымен адамдарға деген құрмет, екіншісі – алдымен өзіне, одан кейін қызметкерлерге қойылатын жоғары талап. Менің алдымда үлкен міндет тұрды, бұл – білікті адамдарды, кәсіби мамандарды табу. ҚСЗИ-дың қазіргі қызметіне қарасам, институт дұрыс жолда деп ойлаймын. Өмірсерік Қасеновтан бастаған серпін қазір де жалғасып, институт өзіне жүктелген міндеттерді орындап жатыр. Ең бастысы – «көкжиектің ар жағына қарау». Сарапшы алдын ала не болатынын болжап, жағымсыз салдарды қалай азайтуға болатыны туралы ұсыныс беріп, республикамыз үшін, халқымыз үшін не істеу керек екенін білу қажет», - деді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын 2005-2014 жылдар аралығында басқарған Болат Сұлтанов.

Қонақтардың қатарында Фридрих Эберт қорының елдік директоры Александр Вольтерс болды.

«Саясат пен қоғамды талдау – Қордың күнделікті жұмысының бөлігі. Ынтымақтастықтың 30 жылы ішінде біз ҚСЗИ-мен бірлесіп жиырмаға жуық іс-шара өткіздік. Түрлі тақырыптарда кездесу өткізіп, қарым-қатынасымызды дамыттық. ҚСЗИ ұжымының жоғары кәсібилігінің арқасында біздің барлық бірлескен іс-шарамыз өте жоғары деңгейде өтті. Біз осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз – институттың жоғары кәсіби ұжымымен тығыз ынтымақтастықтың, ашық және достық қарым-қатынастың нәтижесі екенін анық түсінеміз», - деді ол.

Іс-шараға қатысқан спикерлер арасында Д. Елеукенов, К. Хафизова, С. Әкімбеков, Н. Сейдин, З. Жамыханова, Р. Қадыржанов, Ү. Нысанбек, В. Нохрина, Е. Пастухов, М. Спанов, Л. Гусева және басқалар болды. Олар ҚСЗИ-дағы жұмыс жылдары туралы, институт қалыптасуының әртүрлі кезеңдері туралы, қазіргі таңда «ақыл-ой орталығына» қандай үміт артып отырғаны туралы айтты. Сонымен қатар, ҚСЗИ-дың «кадрлар ұстаханасы» ретінде қосқан үлесін атап өтті. Қызметкерлерге қойылатын жоғары талаптардан тұратын кадрлық саясат және дарынды талдаушылар мен ғалымдарды іздеу институтты ерекшелендіреді.

«ҚСЗИ-да қызмет ететін адамдар – біздің басты құндылығымыз», - деді Еркін Тұқымов өз сөзінде.

Іс-шара соңында институт ардагерлері мен серіктестеріне Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.