Еркін күрестен лицензиялық турнирге жоғары деңгейде дайындалып жатырмыз - бас бапкер

АСТАНА. KAZINFORM – Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мадияр Құрамысов балуандардың Париж Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынатын жарысқа өте жоғары деңгейде дайындалып жатқанын айтты.

Еркін күрестен ел біріншілігінде Жамбыл облысы бас жүлдені иеленді
Фото: Күрес түрлері федерациясы

«Біз қазір оқу-жаттығу жиынын Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық базасында өткізіп жатырмыз. Дайындық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Балуандарымызды лицензиялық турнирге бабына келтіріп алып бару - біздің басты мақсатымыз. Сондықтан, ұлттық құрама мүшелері тынбай тер төгуде», - деп атап өтті бас бапкер.

Сонымен қатар ол Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын додаға кімдер баратынын да жасырмады.

«Өздеріңіз білесіздер, жақында Астанада күрес түрлерінен ел біріншілігі өтті. Сол ұлттық біріншілікті өткізудегі мақсатымыз да лицензиялық турнирлерге балуандарды іріктеу болатын.

Енді Қырғызстанда лицензиялық Азия құрлығының іріктеу турнирі өтеді. Міне, сол жарысқа ел чемпионатында тек жеңімпаз атанған балуандар барады. Әрі қарай Түркияда әлемдік іріктеу турнирі бар. Барынша олимпиадалық салмақта толық жолдама алуға күш саламыз», - деді бас бапкер Құрамысов.