Еркін Тұқымов: Қытайда бізді зерттейтін 18 орталық бар
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанға қытайтануға маманданған кәсіби сараптамалық орталықтар қажет. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов «ҚСЗИ: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптама алаңында осындай ой айтты.
Сараптама алаңына жиналғандар бұл жолы елдің күн тәртібін қалыптастырудағы талдау орталықтарының рөлін талқылаған болатын.
— Жуықта біз Қытайға бардық. Тек Қазақстан мен Орталық Азияны зерттеумен айналысатын 18 орталық бар екенін өздері айтып отыр. Сианнің өзінде ғана екі орталық, Бейжіңде үш орталық бар. Ал бізде Қытайды зерттеуге ғана маманданған неше орталық бар? Проблема маман немесе қаржы тапшылығында емес, олар бар. Танымал қытайтанушылар да бар. Бірақ олардың ешқайсысы әзірге толыққанды сараптама орталығы немесе мектеп болып қалыптаса алған жоқ. Бұл мәселе басқа бағыттарға да ортақ, — деді сарапшы.
Еркін Тұқымов елдегі сараптама орталықтарының нақты санын да ешкім білмейтінін айтады.
— Менің әріптестерім Қазақстанда 43 сараптама орталығы бар деп есептеп шығарды. Бұл сан нақты екенініне сенімді емеспін. Бізде нақты дерек жоқ. Сандардың сараптамасы да маңызды. Жалпы біздегі орталықтар 9 ірі бағытты ұстанады. Бірақ зерттеулері түрлі тақырыптарды қамтиды. Кешенді зерттеуді де, әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-экономикалық, халықаралық, өңірлік зерттеулерді, қауіпсіздік, жастар мәселесін де қатар алып жүре береді, — дейді ҚСЗИ басшысы.