Ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар тізімі кеңейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Шаруа қожалықтарының басшылары Ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Мұндай жаңашылдық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларын бекіту туралы» бұйрық жобасында көзделген.

шаруа қожалығы
Фото: «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы

Құжат 2026 жылғы 7 шілдедегі «Әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа келтіру мақсатында әзірленген. Онда материалдық көмек көрсету тетігін жетілдіру, сұранысқа ие мамандар мен шаруа қожалықтарының басшыларын қосу арқылы бағдарламаға қатысушылардың аясын кеңейту, сондай-ақ қолданылатын терминологияны өзектендіру және қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер мен заңнаманың жаңа нормалары арасындағы алшақтықтарды жою қарастырылған.

- Жобаны іске асырудың күтілетін нәтижелері: мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың бірыңғай тәртібін қамтамасыз ету, сұранысқа ие мамандар мен шаруа қожалықтарының басшыларының бағдарламаға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ жұмыс күшіне қажеттілігі бар өңірлерге еңбек ресурстарын тартудың тиімділігін арттыру, - деп атап өтеді ведомстводан.

Нормативтік-құқықтық акті жобасы 19 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.

Айта кетейік, ерікті түрде қоныс аудару мүмкіндігін қарастырып жүрген Қазақстан азаматтары migration.enbek.kz порталындағы интерактивті картаны пайдалана алады.