Ақкенженов: Зайсаннан тағы газ табылса, Қытайға экспорттауымыз мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Зайсан ауданындағы Сарыбұлақ кенішінің маңында қосымша газ барлау жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Журналистер барлау қорытындысы бойынша газ қоры бар екені белгілі болса, тағы да Қытайға экспорттала ма деп сұрады.
— Енді оны анықталатын газ қоры бойынша қарастыру керек. Неге десеңіз Зайсан өңірінде газ жеткілікті деп айтуға келмейді. Сол үшін, әрине, бірінші ішкі нарыққа алуды қарастырамыз, — деген министр нақты шешім қабылдау үшін қосымша барлау жұмыстарының қорытындысын күту керектігін жеткізді.
Министр газ табылған жағдайда ішкі нарыққа жіберілетінін айтты.
— Бірінші газ табу керек. Табылған жағдайда ішкі нарыққа жібереміз. Жаңа көлемдер табылған кезде неше пайызын ішкі нарыққа, неше пайызын экспортқа шығаратынымызды анықтау үшін келісімшарт жүргіземіз. Біріншіден, ол коммерциялық, экономикалық заң, салаларға сәйкес келеді. Өйткені қосымша қорды іздеуге шығын жұмсайды ғой, — деді ол.
Журналист «Газ табылып жатса, қоры үлкен болса, қытайға экспортталуы мүмкін бе» деп нақтылады.
Ерлан Ақкенженов бірінші кезекте Зайсан ауданы мен оған іргелес жатқан аудандарды газдандыру мәселесіне басымдық берілетінін айтты.
— Қытайға экспортталуы мүмкін. Бірақ бірінші мақсатымыз — ішкі нарықты қамтамасыз ету. Зайсаннан бөлек Тарбағатай, Көкпекті және басқа да аудандар бар. Нақты неше ауданға газ тартылатынын айту үшін әуелі қосымша барлау кезінде газ қоры табылу керек, — деді министр.
Аталған жиында Ресей Өзбекстанға Қазақстан арқылы экспорттайтын газдың көлемін 11 млрд текше метрге дейін ұлғайтатыны белгілі болды.